Тоқаев жаңа жылда алғаш рет жиын өткізді

/image/2020/01/04/crop-640_-7_2021x3593_f666cd32e281251bca8c56e2b5e90f58.jpg

Бүгін, 4 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент әкімшілігі басшылығымен 2020 жылғы жұмыстардың басым бағыттары жөнінде жиын өткізді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Ақорданың жазуынша, Тоқаев өткізген жиында елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы мен сыртқы саясат жөніндегі мәселелері талқыланған. 2020 жылға жоспарланған негізгі іс-шаралар тізбесі қаралған.

"Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидың 1150 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру шаралары да пысықталды. Сондай-ақ аймақтарды экономикалық және әлеуметтік дамыту жөніндегі іс-шаралар мен 2020 жылдың І тоқсанына жоспарланған маңызды мәселелер талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешудегі жұмыстарды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді" - делінген Ақорда таратқан хабарламада. 

Бұл - президент Тоқаевтың 2020 жылы өткізген алғашқы жиыны.

Тоқаев 2020 жыл басталған кезде Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар президент 2 қаңтарда Қостанай облысы Қостанай ауданының Затобол кентін аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы қаулы бекітіп, Затобол кентін Тобыл деген атауға өзгертті. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар