Иран билігі украиналық авиакомпанияның ұшағын байқаусызда зымыранмен атып түсіргенін айтқаннан кейін Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеме жасады.
"Бүгінгі күн жақсы басталмады, бірақ шындықтың беті ашылды. Халықаралық комиссия өз жұмысын аяқтамай тұрып Иран өз кінәсін мойындады", - деп жазды Зеленский өзінің facebook парақшасында.
Зеленский Украина Иранның өз кінәсін толық мойындауын және ресми түрде кешірім сұрауын талап ететінін айтты. Сонымен қатар, Киев болған оқиғаларды толық және ашық тергеуді, кінәлілерді жауапқа тартуды, өлгендердің денелерін қайтаруды және өтемақы төлеуді күтетінін ескертті.
"Болашақта тергеу жасанды кідірістер мен кедергілерсіз жалғасады деп сенеміз. Біздің 45 маман әділдік орнату үшін барлық тексеру жұмыстарына толық қатысуы керек", - деді Зеленский.
8 қаңтарда Иран астанасы Тегеранда украиналық лайнер апатқа ұшыраған болатын. Апаттан ұшақ ішінде болған 167 жолаушы, 9 экипаж мүшесінің бәрі қаза тапты. Бүгін Ирандық әскерилер украиналық лайнерді абайсызда атып түсіргенін мойындады.
Пікір қалдыру