Алматы қаласы Наурызбай ауданы мен Қарағайлы ауылында болған лай тасқынына қатысты қазақстандық БАҚ-та сарапшылар пікірлері жарық көрді. Селден қандай жағдайларда сақтану керек? Мұндай табиғи һәм табиғи емес катаклизмдер неге жиі қайталануда? Бұл туралы Қазгидромедтің жетекші ғылыми қызметкері, ғылым докторы, профессор Борис Степанов журналистерге айтып берген, -деп хабарлайды «Қамшы» порталы Today.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Профессор Степанов табиғи апаттардың ошағын 45 жылға жуық уақыт бойы зерттеп келген. Оның айтуынша, күннің күрт жылынуы селдің жүруіне басты себеп бола алмайды екен.
«Алматыдағы селдің себебі ретінде – күннің күрт жылынуы дегенге сенбеймін. Соңғы 40 жылда температураның жылынуынан екі-ақ рет сел болған. 42 жылдың ішінде күн райы тап осылай ысыған кездер көп болды. Бірақ, ешқандай да сел жүрген жоқ. Сондай-ақ, жаз аяқталып, күз басталған кездерде де су арнасынан тасып кетеді. Селдің қашан жүретінін ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені ешкім бел шеше кірісіп, көлдің деңгейін зерттемейді. Ал арнайы мамандарды шақыртып көлдің мөлшерін, ондағы мұздардың қуаттылығына зерттеу жүргізу қымбатқа түсетіндіктен, бұған ешкім мән бере бермейді »,-дейді ғылым докторы Борис Степанов.
Сонымен қатар, Степанов мырза Алматыдағы ең қауіпті деген көлдерді атап көркеткен.
«Алматылықтар үшін қауіп төндіріп тұрған №6 және №13 көлдер. Мысалы, сол №6 көлге бақылау жүргізуші «Қазселқорғау» мамандары оның деңгейін 5 метрге дейін ғана бақылай алады. Ал көлдің негізгі тереңдігі 20 метр ғой. Ал 23 шілде күнгі сел – «орта» классқа жатады. Ғалымдардың ортақ пікірінше сел жылдар бойы жинақталып келген.
Таулы аймақ үшін сел қалыпты жағдай. Селдің үш типі болады. Көбіне наностардың жинақталуынан болады. Нанос – ірі және ұсақ тастар. Бірінші деңгей – биік таулы аймақтар, мұнда мұздар және кесектер ағады. Екінші деңгей – конустар. Біздің тұрып жатқан аймағымыз. »
Доктор Степановтың айтуынша соңғы рет ең қуатты сел Алматыда – 1921 жылы орын алған.
Естеріңізге сала кетейік, шілденің 22-сінен 23-не қараған түні Алматы қаласының Наурызбай ауданында лай тасқыны жүрген болатын. Ал Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қалада төтенше жағдай жариялаған..
Нұргелді Әбдіғаниұлы