Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіндегі "командамен ауысу" проблемасын қозғады. Бұл туралы ол бүгін, 15 қаңтарда Ақордада президенттік кадр резервіне кірген жастармен өткізген кездесуінде айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі sputniknews.kz сайтының дерегін негізге алып.
Президенттің айтуынша, мемлекеттік қызметте "командамен ауысу" әлі де өте өзекті мәселе болып отыр.
"Мемлекеттік органдардағы ауысу көрсеткіші, жалпы алғанда, норма шегінде – 6-10%. Шын мәнінде, министр немесе әкім ауысқан кезде, кадрлық құрам да әжептәуір өзгеретіні баршаға аян", - деді Тоқаев.
Президент мемлекеттік басқару жүйесінде меритократия принциптері үнемі сақтала бермейтінін атап өтті.
"Әлі күнге дейін қызметте таныс арқылы, ықпалды қамқоршылар арқылы көтерілу жағдайлары кездеседі. Бұл шындық қой. Мұны бәріміз де білеміз. Бұған жол беруге болмайды. Мұндай жүйені қатаң сынға алып, анализ жүргізген жөн. Қоғамның пікірін де ескеру қажет", - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, кейбір мемлекеттік қызметкерлер ескі жүйеден шыға алмай, елдегі жаңғыру процестерін тежейді.
"Ведомстволар мен бөлімшелердің басшылары шегіртке сияқты бір қызметтен басқасына секіріп жүр. Сол себепті Қазақстанға қоғамның талаптарына жауап беретін тиімді әрі әділ мемлекеттік басқару моделі қажет", - деді президент.
Пікір қалдыру