Бақытжан Сағынтаев Алматыда "Сергек" бағдарламалық-құрылғы кешендерінің санын көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты, деп жазады tengrinews.kz.
Қала әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта Алматы қаласында "Сергек" бағдарламалық-құрылғы кешенінің 400 жүйесі іске қосылған. Камералардың көмегімен алғашқы сегіз күн ішінде 42 миллион теңгеге жол ережесін бұзу дерегін анықтады. Ал, 22 күнде жаңа камералар 4,5 мың жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін түсірген. Өткен жылмен салыстырғанда қылмыс 38 пайызға азайып, жол-көлік оқиғасының саны 12 пайызға төмендеді.
"Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары, соның ішінде жолдар мен тұрғындар көп жиналатын жерлерде видеомониторинг жүйесін кеңінен қолдану арқылы жалғасады. Биыл қосымша 360-тан аса "Сергек" камераларын орнатуды жоспарлап отырмыз. Жыл сайын құқықтық тәртіпті бұзуды қадағалайтын автоматты бейне жүйелерінің үлесі өсіп отыратын болады", - деп мәлімдеді Сағынтаев.
Жол ережесін бұзғандар үлкен көлемде айыппұл төлейді. Полиция өкілдері айыппұлдың барлығы қала бюджетіне түсетінін атап өтті.
Пікір қалдыру