Қытайдың Ухань қаласында оқитын Қазақстанның 98 студентін алып келу жөнінде арнайы комиссия құрылды. Қазір арнайы ұшақтың қай бағытпен баратыны, студенттерді Қытайдың қай жерінен алып кететіні жайлы Қытай билігімен келісіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында баспасөз жиынын өткізген Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ухань қаласында оқитын Қазақстанның 98 студентімен Қазақстанның Қытайдағы елшілігі тығыз байланыста.
"Қазіргі уақытта Ухан қаласында 98 қазақстандық студент бар. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі арқылы олармен тікелей байланыс орнатылған. Күнделікті олармен сөйлесіп отыр. Студенттерде қажетті дүниенің барлығы бар. Себебі, олар оқитын университеттер медициналық құралдар, бетперделер сынды барлық заттармен қамтамасыз етіп отыр. Азық-түлігі, барлығы жеткілікті", - деді Нұрышев.
Соңғы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны 4 мыңнан асып, өлгендер саны 106 адамға жеткен. Вирус жұқтырған адамдар Қытайдан бөлек тағы 11 елде анықталған. Олардың арасында Германия, Шри-Ланка,Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Таиланд, Канада, Непал, Вьетнам, Сауд Арабиясы, Сингапур, Жапония, АҚШ, Франция, Австралия бар. Қытайдан тыс жерде короновирустан көз жұмғандар жоқ.
Пікір қалдыру