Қытайдан келген тағы 6 адам ауруханаға жеткізілді

/image/2020/01/28/crop-1_8_220x390_crop-53_2_295x394_photo_306489.jpeg

Бүгін Қытайдан келген тағы 6 адам ауруханаға жатқызылды. Бұған дейін ауруханаға түскен төрт адамның екеуі үйіне шығарылды. Бұл ақпартты бүгін Нұр-Сұлтан қаласында баспасөз жиынын өткізген Қазақстаның бас санитары Жандарбек Бекшин мәлімдеді. 

Жандарбек Бекшиннің сөзінше, таңертең ауруханаға жеткізілген 4 адамның екеуі амбулаториялық көмек көрсетілген соң ауруханадан шығарылған. Ал Алматы қаласында 1, Ақмола облысында 5 адам  ауруханаға жатқызылған.

– Олар осыған дейін Қытайда болған. Барлығының диагнозы – ЖРВИ (ОРВИ). 2 баланың дене қызуы көтерілген. Отбасындағы үлкен адамдарда аса ауыр белгілері жоқ. Бірақ олар бір-бірімен байланыста болғандықтан ауруханаға жатқызылды, – деді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ ол  дәрігерлер 6 қаңтардан кейін Қытайдан Қазақстанға келген азаматтарды тексеріп жатқанын айтты.

– Біз қазір 6 қаңтардан кейін бізге келген шетелдік азаматтардың барлығын анықтап жатырмыз. Барлығымен байланыстамыз, медициналық қызметкерлермен де сөйлесіп отырмыз. 6 қаңтардан кейін Қытайдан келген барлық азамат, әсіресе соңғы 14 күнде келгендер жергілікті жердегі емханаға барып, есепке тұруын және 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болуын сұраймыз. Әсіресе кімнің дене қызуы көтерілсе, емханаға баруын сұраймыз, – деді ол.

Соңғы мәлімет бойынша, Қытайда тарала бастаған коронавирусты жұқтырғандар саны 4 мыңнан асып,  өлгендер саны 106 адамға жеткен. Вирус жұқтырған адамдар Қытайдан бөлек тағы 11 елде анықталған. Олардың арасында Германия, Шри-Ланка,Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Таиланд, Канада, Непал, Вьетнам, Сауд Арабиясы, Сингапур, Жапония, АҚШ, Франция, Австралия бар. Қытайдан тыс жерде короновирустан көз жұмғандар жоқ.


Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар