Елдің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Қытайдың Ухань қаласынан жеткізілген қазақстандықтардың жағдайы мен оларға қолданылып жатқан емдік шаралар туралы мәлімдеме жасады.
2 ақпанда Қазақстан азаматтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы елге Қытайдың Ухань қаласында жүрген 83 қазақстандықты, оның ішінде 80 студентті жеткізді.
Ұшу барысында барлық қорғау құралдарымен қамтамасыз етілген қазақстандық дәрігерлер еріп жүрді.
Денсаулық жағдайы тексерілгеннен кейін, елге оралған азаматтар қаладан 7 шақырым жерде орналасқан елорданың көп салалы ауруханасының жанындағы инфекцияға қарсы арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге жатқызылды.
Клиника инфекциялық қауіпсіздіктің қажетті технологияларымен, заманауи диагностикалық, емдік және реанимациялық құралдармен жабдықталған және тиісті медициналық қызметкерлерімен қамтамасыз етілген.
Медициналық мекемеде эвакуацияланған азаматтар қосымша тексеруден және бірінші кезекте коронавирустық инфекцияға тестілеуден өтеді.
https://www.youtube.com/watch?v=E-GTaCRU9JI
Карантин кезеңі кезінде елге келген адамдармен тек аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар медициналық персонал ғана байланыста болады.
Елге жеткізілген азаматтардың туған-туыстары мен жақындары хабардар етілді және олар карантиндік кезеңнің регламентімен таныстырылды.
Эпидемияға қарсы іс-шаралардың күшеюі басталғаннан бері мониторингпен 19 мыңға жуық адам қамтылды, оның 9,6 мыңы қауіп төндірмейтін ретінде мониторингтен алынды.
Клиникалардан 39 адам шығарылғаннан кейін жіті респираторлық вирустық инфекция белгілермен 41 емдеуден өтуде.
84 науқас коронавирусты анықтау үшін анализ тапсырды, оның 74-і теріс нәтиже, ал 11-і тексерілуде.
Барлық қажетті ақпаратты 1406 номері бойынша Call-центрден сұрап білуге болады.
Азаматтарды шынайы емес ақпаратты таратпауға, ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамын.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирустық инфекциялар тіркелген жоқ.
Осы жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында.
Медиа өкілдеріне, блогерлерге, бұқаралық ақпарат құралдар өкілдеріне, қоғам қайраткерлеріне қауіпсіздік мақсатында, карантин объектісінде бейне немесе фотосъемка өткізуге, сұхбат алуға қатаң тыйым салынған. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын.
Пікір қалдыру