Вице-премьер Бердібек Сапарбаев мәдениет және спорт министрлігі басшылығымен өткен кездесуде туризм индустриясын дамыту үшін әлі де іске асырылмаған маңызды бағыттарды атап өтті, деп хабарлады премьер-министрдің ресми сайты.
– Қазақстан ішкі туризмді дамыту үшін де, шетел қонақтарын қабылдау үшін де үлкен мүмкіндікке ие. Біздің кең аумағымыз, тарихи және мәдени мұрамыз, теңдесіз табиғатымыз бар. Алайда біз қолда бар мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Негізгі мәселе – туризм саласына стратегиялық инвесторларды тарту. "Kazakh Tourism" компаниясын арнайы құрдық. Берілген уәде көп, жеткен нәтиже жоқ, – деді ол.
Ол министрлік туризмді дамытуға лайықты өңірлермен тығыз жұмыс жасауы керектігін айтты.
– Еліміздің тұрғыны көп аймақтарда мемлекет тарапынан іс-шаралар өткізіліп тұруы қажет. Жыл сайын бүкіл елде жаңа спорт кешендері және мәдени нысандар салынады. Алайда бұл мекемелер кешкі уақыттарда және демалыс күндері бос тұрады. Әрине, бұл – өте тиімсіз. Бос уақытында балалар түрлі үйірмелерге, секцияларға, кітапханаларға, театрларға және басқа объектілерге ақысыз немесе тиімді шарттарда қатыса алуы керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Пікір қалдыру