Бүгін, 10 ақпанда Жамбыл облысы әкімі қызметінен босатылған Асқар Мырзахметов облыс әкімдігінде өткен жиында Қазақсатнның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Облыс активінде сөз алған Мырзахметов өзінің отставкаға өтініш беру себебін Қордайда болған дүнгендер мен қазақтар арасындағы жанжалмен байланыстырды.
- Өкінішке қарай облысымызда өте ауыр қайғылы жағдай болды. 10 адам қаза болып, жүз жетпістен астам адам жарақаттанды. Бұл тек жамбылдықтар үшін ғана емес барша еліміз үшін оңай тимеді. Осы тұрғыда мен облыс әкімі ретінде жұмысты жалғастыру моральдік тұрғыда ауыр деп есептедім. Сондықтан да президентке өз еркіммен отставкаға кету туралы өтініш жаздым. Шешімімді қабылдаған мемлекет басшысына рақмет. Ең алдымен, алғысты елбасыға айтқым келеді. Кезінде осы қызметке тағайындаған елбасы. Сенім білдірді. Сол сенімге үлкен алғыс білдіремін. Одан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамын. Президент ретінде Жамбыл облысына, Жамбыл облысының әкімдігіне, маған қолдау көрсетті, - деді ол.
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өз еркімен қызметінен кеттіп, оның орнына әкім болып президент Тоқаевтың жарлығымен Бердібек Сапарбаев тағайындалған болатын.
Бүгін түске қарай Тоқаев Мырзахметовке "өз жұмысына салғырт қарады" деп Жамбыл облысының әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені, ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбековты қызметінен бостуды тапсырған еді.
Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданында болған этникалық жанжалда 10 адам қайтыс болып, 40-тан астам адам жарақаттанған. 36 тұрғын үй мен 11 коммерциялық нысан және 44 автокөлік өртенген. Этникалық жанжалдың шығу себебі нақты белгісіз. Бірақ Қаракемер ауылы тұрғындарының сөзінше, жанжал этникалық дүнгендер мен қазақтардың көлікпен келе жатып, жолға таласуынан басталған.
Пікір қалдыру