Маңғыстауда газдан улану салдарынан отбасының балалары мен анасы қайтыс болды

/image/2020/02/15/crop-23_1_456x608_1455803189_vzriv_ballona.jpg

Облыстың Мұнайлы ауданында бүтін бір отбасы газдан уланып, үш бала мен анасы дәрігерлер келіп жеткенше қайтыс болды. Газ қызметінің мамандары ақаудың үйдегі жылу қазандығының мұржасынан шыққанын анықтаған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. 

Қайғылы жағдай Батыр ауылында болған. Оқушылар сабаққа келмей, ата-анасы байланысқа шықпаған соң, мектеп мұғалімі оларды үйіне іздеп келеді. Бірақ ешкім есік ашпапты. Мектеп басшылығы көпбалалы отбасына олардың туысқаны болып келетін дене тәрбиесі мұғалімін жібереді. Есікті аяғын әрең басқан ер бала ашыпты. Үйге кірген жігіт сұмдық жағдайдың үстінен түскен.

– Олар демалыс күні хабар берді. Отбасымызбен тұмауратып жатырмыз, үш күннен кейін анықтама қағаз алып келеміз деді. Біз күттік. Телефон соқтық. Телефон көтермегеннен кейін бардық. Екі күн сабаққа келмеген баланы біз іздейміз. Біздің тараптан жасалатын жұмыстардың бәрі жасалды,– дейді Мұнайлы ауданының №10 орта мектебінің директоры Құралай Нұрманова.

Ауруханаға жеткізілген 43 жастағы әкесі мен 8 жасар ұлының жағдайы ауыр. Дегенмен үміт бар дейді дәрігерлер.

– Қазір 1977 жылы туған азамат, үйінің отағасы жан сақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалуға бар күшін салып жатыр. Ал оның баласының жағдайы тұрақты ауыр. Ең бастысы, ол есін жоғалтқан жоқ, – дейді облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрбол Оқуов.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар