Даниал Ахметов: Білім – дамудың негізгі тетігі

/image/2020/02/19/crop-175_80_682x910_whatsapp-image-2020-02-19-at-13.55.12.jpeg

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы есептік кездесуде аймақтағы білім ордаларының цифрлық инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасының жақсаруын, ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасының теңесуін, сондай-ақ мұғалім мәртебесін көтеру жайында айтты.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда өңірде үш ауысымдағы және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі толықтай шешімін тапқан. Биыл 129 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу, ал 2023 жылға дейін 5,5 мың орынға арналған 7 мектеп салу жоспарланған.

Облыстағы барлық орта білім ордалары ІТ сыныптармен жабдықталған. Балалар Python тіліндегі бағдаламалаулар, Arduino Uno платформасы енген, ақпараттық технологиялар бойынша жаңа тереңдетілген бағдарламаларды оқуда. Жаңа білім беру бағдарламасын енгізу үшін 544 педагог қайта оқытылды. Бұл өз кезегінде жемісін беріп, білім сапасы жаратылыстану пәндері бойынша 44-тен 66 пайызға көтерілді.

а

Көптілділік бағдарламасына француз және неміс тілдері енгізілді. Облыстық білім басқармасы алдағы үш жылда 4 мың педагогтың біліктілігін көтеруді жоспарлап отыр. Тіл мамандарын қайта оқыту шетелдік мамандарды шақыру арқылы жүзеге асырылмақ.  

Ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту үшін биыл 900 педагогке арнап курстық жұмыстар жүргізіліп, 19 ғимарат оларға сай сәйкестендіріледі, 395 мектепке қажетті құрылғы алынады.

Техникалық және кәсіби білім беруде де оңды өзгерістер орын алды. Көп уақыт бойы бұл сала қараусыз қалып келген еді. Енді кәсіби және техникалық білім беру саласы толықтай жаңғыртылуда. Атап айтсақ, жаңа құзырет орталықтары ашылып, колледждер жаңа құрылғылармен жабдықталуда, WorldSkills стандарттары енгізілуде. Жалпылай айтқанда, тек қана құрылғылармен жабдықтауға 3 млрд. теңге қаржы жұмсалады. Үш колледждің базасында KazMinerals компаниясымен бірлесе отырып тау-кен саласы мамандарын даярлайтын құзырет орталықтары ашылды. Биылдан бастап 2022 жыл аралығында KazMinerals компаниясының Ресей Федерациясының Чукотка автономиялық округіндегі «Баимское» кен орнында жұмыс істейтін 4 мың маманды оқыту көзделіп отыр.

Аталмыш жұмыстардың жақсы нәтижелері қазірдің өзінде көрініп жатыр. Атап айтсақ, колледж оқушылары WorldSkills бойынша ұлттық чемпионатта ғана емес, сондай-ақ халықаралық чемпионатта да екі жыл қатарынан жүлдегер атануда.

Жоғары білім беру саласында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. «Білікті маман» жобасы бойынша университеттерге маман даярлауға білім гранттары бөлінуде. Үш жыл ішінде мың грант бөлінсе, оның 400-і өткен жылы бөлінген болатын. Бес жыл ішінде барлығы 5 млрд теңге тұратын 1846 бюджеттік орын қарастырылады. Осылайша, жоғары білімнің қолжетімділігі 2016 жылмен салыстырғанда 48 пайыздан 64 пайызға көтеріліп, шетелдік оқу орындарына кетушілер саны үш есеге қысқарды.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» жобасын іске асыру аясында жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арнап 4048 орындық 10 жатақхана салу көзделген. Қазірдің өзінде Семейдегі медициналық және электротехникалық колледжде 700 орындық екі жатақхана қолданысқа берілген. Қалған бесеуінің, соның ішінде екеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік асында салынатын жатақханалардың құрылысы биыл басталады.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар