Қазақстан экономикалық даму мақсатында ұйымдастырылған шаралардан үнемі тыс қалмай келеді. Жыл сайын 140 елдің басын қосып, әр елдің экономикалық ахуалын талқылайтын форумдар биыл да жалғасын тауып жатыр. Биыл 2020 жылдың 21-24 қаңтарында Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум өтті. Осы форумға Қазақстаннан «Астана» қаржы орталығының делегациясы қатысып, еліміздің даму жағдайын, болашақтағы мақсатын, ел экономикасын көтерудегі жаңаша бағыттарды ортаға салды.
Давостағы форум «Ұйымшыл әрі бейбіт әлем үшін мүдделі тараптар» деген тақырыпты қаузады. Аты айтып тұрғандай, бұл форумда бейбітшілікті, татулықты, ырыс пен берекені ойлайтын, дау-жанжал мен талас-тартысты болдырғысы келмейтін елдер бір үстел басына жайғасты. Қазақстаннан барған делегация жетекшісі «Астана» қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов «Стратегиялық перспектива: Еуразия» тақырыбындағы сессияға қатысты. Онда Қазақстанның 2020 жылғы даму мақсаттары ортаға салынды.
Жалпы, отандық сарапшылардың пайымдауынша, мұндай дүниежүзілік форумдарға қатысу Қазақстанның бағасын арттырмаса, түсірмейді. Сондықтан мұндай форумдар біздің даму жолымыздаа қажет, – деседі мамандар.
– Соңғы 20 жылда Қазақстан әлеуметтік-экономикалық қаншама реформалар жасады. Бұл дамудың бір бағыты. Осындай реформаларды талқыға салып, оның дұрыс-бұрысын таразылау үшін де мұндай форумдар бізге қажет, – дейді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.
Реформалар дамуға бағыттайды
Жалпы, сала мамандары алға тартып отырғандай Дүниежүзілік форумдар біздің Дүниежүзілік даму индексімізіді айқындауда таптырмайтын мүмкіндік. Мәселен, біз Егемен ел болғалы бері қаншама экономикалық реформаларды қолға алдық. Қаншама жобалар атқарылып жатыр. Индустиалды инновациялық экономикаға бет бұрған елміз. Сондықтан бұл арада даму индексі бағаланып отыруы керек. Дүниежүзілік банктің есебінше қазір Қазақстан ТМД елдеріндегі көшбастаушы болып отыр. Бұл ретте біз пікірлескен мамандар кез келген реформа дамуға бағыттайтынын алға тартты.
– Бізде қазір макроэкономикалық жағдай тұрақты. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қолжетімдігі секілді мәселелер шешімін тауып келеді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясының іске асуы үшін тиісті міндеттер атқарылып жатыр. Алдағы уақытта еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы – 1,5 есеге, 2025 жылы – 2 есеге арттыруы қажет деген жоспарлар бар. Қазір Үкімет осы тарапта бірқатар шаралар атқарып жатыр. Сондықтан өз басым реформалар дамуға бағыттайды деп толыққанды айта аламын, –дейді экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков.
Экспорт-импорт қатынасы тұрақты дамуда
Негізінде, Қазақстанның даму индекіс туралы сөз еткенде мамандардың басым бөлігі экспорт-импорт қатынасы тұрақты дамып отырғанын сөз етті.
Бұл ретте Дүниежүзілік форумда «Астана» қаржы орталығының жетекшісі Қайрат Келімбеов те пікірін білдірген болатын. Келімбетов мырзаның айтуынша, Қазақстанның сыртқы саудасына көз жүгіртсек, 50% Еуропалық Одаққа, Ресейге 20%, Қытайға 20% тиесілі.
– Бұл өз кезегінде Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатындығын көрсетеді. Сондықтан да Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа ғана емес, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мен Түркі Кеңесі сияқты коалицияларға қосылды. Мұндай одақтар, әсіресе экономикалық одақтардың Қазақстанға берері – нарық. Нарықтың ұлғайғаны бизнеске пайда. Бизнес бастау да, жүргізу де оңай бола түседі. Қала берді алпауыт компаниялардың өкілдіктері Қазақстанда ашылады. Бұл бизнеске жасаған қолайлы орта деп білген жөн. АХҚО-ның да ұсынып отырғаны осы қолайлы орта. Тағы бір көрсеткіш бәсекелестік немесе бәсекеге қабілетті болу. Нарықтың да талабы сол бәсеке. Оған төтеп беру үшін бизнес өз стратегиясын әзірлейді. Тойтарыс береді. Дами түседі. Реформа дегенің де осы дамуды мақсат еткенде пайда болады, – деді.
Қайрат Келімбетовтың бұл тұжырымын сала мамандары да қолдап отыр. Мәселен техника ғылымының докторы, профессор Меңлібай Медешовтың байыптауынша, осы жолғы аталмыш форум басырында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Дүниежүзілік экономикалық форумның және Қазақстан Үкіметімен Төртінші өнеркәсіптік революция орталығының өкілдігін Қазақстанда ашу туралы ниет хатқа қол қойды. «Ал бұл әрекет жаңа техноологияларды, машина жасауды, интернет заттар, робототехника және ақылды қалалар сияқты салаларда жобаларды әзірлеуге бағыттайды. Осы іспеттес дүниелерді елімізде жетілдіруге үлкен мүмкіндік ашады» дейді Меңлібай Медешов.
– Біз үнемі шетелдік технологияға жүгінеміз. Шетелдің техникасына тәукелді болу біздегі машина жасау өндірісінің үлесін кемітті, робототехника саласын дамыту да енді-енді жандана бастады. Медицинамызда, өндірісте, кәсіпорында болсын әрқашан шетелдік техникаға жүгінеміз. Жалпы, шетелдік технологияға жүгінгеннен гөрі өзімізде техника шығаратын деңгейді ұстануды мақсат тұтқанымыз жөн. Қазақстан – 2050 жоспарының өзі осыған бағыттайды. Сондықтан біз ұстанып отырған бағыттар әзірге дұрыс. Ендігі кезекте осы жайттарды сауатты әрі ұтымды бақылап отыру қажет. Жастардың оқуына, жаңалық ашуына, ғылымға жастардың келуіне жағдай жасалуы тиіс. Сонда біздің еліміздің даму деңгейі одан әрі өсе түседі, – дейді техника ғылымының докторы Меңлібай Медешов.
Ақылды қалалар экономика айнасы
Қазір әлемдік деңгейде ақылды қалалар санын арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Осы тұрғыда дүниежүзінің ұстанып отырған саясаты жыл сайын ақылды қалалар легін жасақтау, олардың нәтижесін електен өткізу болып отыр Бұл ретте мамандардың айтар ойы да өзгеше. Бұл ретте «Астана» қаржы орталығының жетекшісі Қайрат Келімбетов:
– Біз үшін ақылды қалалар деп Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын санауға болады. Аталған қалалар үшін бұл үлкен мәртебе. Жалпы, елордамыздың қалыптасуы мен дамуы Елбасының есімімен тығыз байланысты. 21 жылда елорданың аумағы үш есеге ұлғайды. Халық саны кезінде 280 мың болса, қазір 1 миллионнан асып түсті. Нұр-Сұлтан жастар қаласы болып саналады. Мұнда халықтың 700 мыңға жуығы – 35 жасқа дейінгі жастар. Сонымен бірге елордамыз әкімшілік қаладан іскерлік және туризм орталығына айналып келеді. Туристерді көптеп тарту үшін қала жайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз және тұрғындардың күнделікті өмірін жайлылықпен қамтамасыз етудеміз. Еуропа қалаларының үздік тәжірибесін алдық, қауіпсіздік, логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ТКШ стандарттарына негізделген «ақылды қала» тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз, – деді Қайрат Келімбетов.
Бұл ретте сала мамандары да астанасы ауысқан мемлекеттердің ішінде Қазақстанның даму жолы мен қалыптасуы әлемге үлгі екенін алға тартып отыр.
– Технологиясы дамыған «ақылды қалалардың» қатарында Эстонияның Таллин қаласы инновациялық жобаларды ерте меңгергенімен ерекшеленеді. Эстония астанасының ең басты ерекшелігі оның таза ауасында, экологиялық мәселелердің дұрыс шешім тапқанында. Ол үшін қаладағы көлік кептелісі мен ауаға лас қалдықтар шығаратын автокөліктерден құтылу керек. Сол тәрізді қазір Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында осы мәселелерді шешу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді Қайрат Келімбетов.
– Жалпы, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, елдегі әрбір облыс нақты бір бағытты таңдауға болады, дейді мамандар. Бұл ретте Дүниежүзілік форумға қатысып келген Қайрат Келімбетов:
– Мысалы Нұр-Сұлтан қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық сала, Алматы – көлік саласын тиімді басқару, Ақмола облысы – экология, Ақтөбе облысы – денсаулық сақтау мен әлеуметтік сала, Алматы облысы – көлік кешені, Атырау облысы – ақылды басқару, Шығыс Қазақстан облысы – экология мен бизнес, Жамбыл облысы – қауіпсіздік, Батыс Қазақстан облысы – денсаулық сақтау мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы, Қарағанды облысы – денсаулық сақтау, Қостанай облысы – ауыл шаруашылығы, Қызылорда облысы – ақылды басқару, Маңғыстау облысы – білім беру, Павлолар облысы – білім беру мен бизнес, Солтүстік Қазақстан облысы – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы, ал Оңтүстік Қазақстан облысы білім беру саласында ақпараттық теxнологияларды кеңінен дамытуы қажет. Жалпы, біз үшін ақылды әрі ұйымшыл бейбіт қоғамды қалыптастырудың маңызы зор, – деді ол.
Меже отыздыққа ену
Жалпы, деректер көрсетіп отырғандай Қазақстан 2019 жылғы тұрақты даму индексі бойынша, 152 мемлекеттің ішінде 57-ші орынға тұрақтады. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын жыл сайын The Boston Consulting Group (BCG) компаниясы жүргізеді. Рейтингтің көш басында Норвегия тұр. Одан кейінгі орындарға Швейцария мен Исландия тұрақтаған. Рейтингтің үздік ондығына Люксембург, Дания, Швеция, Сингапур, Финляндия, Австрия, Нидерланды сияқты елдер кірген. Рейтингке Қазақстанмен қатарлас тұрған мемлекеттердің ішінде Аргентина (58-ші орын), Ресей (59-шы орын), Грузия (60-шы орын) бар. Одан жоғарырақ 52-ші және 51-ші орындарда Беларусь пен Болгария тұр. Румыния 50-ші орында.
Ал бұған қатысты мамандар «біздің меже отыздыққа ену екенін білесіздер. Сондықтан біз даму жолындағы бағыттарды қолдап, еліміздің өркендеуіне, ғылымның нәтижелі болуына септігін тигізгеннен шаршамағанымыз абзал», – деп отыр.
Қарлығаш Зарыққанқызы
Пікір қалдыру