Осыдан бұрын жазғанымыздай облыс әкімінің халыққа есеп беру жиынында Талдықорған қаласының тұрғыны өңір әкіміне шағымданған болатын.
Онда ол Асхат Мейрамғалиұлының өзіне айтқан "Амандық Баталовқа кірсеңіз болды, мәселе шешіледі деп ойлайсыз ба?» деген сөзін дәйек ете отырып өз мәселесінің әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанын жеткізген. Дәлірек айтқанда, төрт баласы бар жалғызбасты Ана ата-анасынан мұраға қалған пәтерді рәсімдей алмай жүр.
Осы ретте, қоластындағы шенеуніктің жауапсыздығына ашуланған Амандық Баталов: «Маған «демагог» керек емес. Арызыңды жаз да, бар...Мен кеше байқағанмын. Халық маған келгенде, ол жөнді жауап та бере алған жоқ. Мұндай адамды «демагог» деп атайды. Демагог керек емес. Арызын жазсын. Содан кейін мына кісінің мәселесін шешіп беріңдер», - деген еді.
Алайда, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жукел сынға қалған шенеуніктің қызметінен кетпейтінін, Қалиасқаровқа көпбалалы аналар араша түскенін жеткізді:
«Ол арыз жазбады. Есеп беру кездесуінен кейін, көпбалалы аналар бізге хабаралсып, өтініш айтты, бір тұрғынның арызы бүкіл халықтың пікірі емес деді. Аналар әлеуметтік желілерге және облыс әкіміне жеке-жеке хат жазып, қала орынбасарын орнында қалдыруды сұрады. Тұрғындардың пікірінше, Қалиасқаров көпбалалы аналармен жақсы жұмыс істейді. Осыған байланысты оны жұмыс орнында қалдыру туралы шешім қабылданды, бірақ бұдан былай ешкім оның жұмысына шағымданбауы үшін оған ескерту жасалды», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Оқи отырыңыз: "Маған «демагог» керек емес": Баталов есебінен соң Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырды
Пікір қалдыру