Келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген кіші сержанттың Шымкент маңындағы әскери бөлімнен қару-жарақ алып қашқаны туралы ақпарат әлеуметтік желі мен мессенджерлерде таралуда. Бұған қатысты ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.
"Шымкент маңындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінің бірінде келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген кіші сержант ауысым кезекшісі құрамында болып, бөлімді өз еркімен тастап кеткен. Дәл сол уақытта қаруды сақтау бөлмесінде атыс қаруының белгілі бір санының жетіспеушілігі анықталды. Құқық қорғау органдары мен әскери полиция күштері сарбаз мен жоғалған қаруды іздеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажетті іс-шараларды жүргізуде", – делінген хабарламада.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта Балғынбай Абылай атты әскери қызметшінің Ордабасы ауданы Бадам стансасындағы әскери бөлімнен 30 дана АК-74 автоматын, 27 дана ПМ тапаншасын, 5,45 мм-лік 400 дана, 8 мм-лік 24 дана оқ алып кеткені хабарлануда.
Пікір қалдыру