Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy дерегіне сүйеніп хабарлайды.
Ауыл әкімдігі тек 1 тәуліктен кейін ғана трактор жіберген. Ал тұрғындар бұл аралықта қора-қопсыны айтпағанда, бау-бақшаның құнарлы топырағы ағын сумен кеткенін айтады.
«Көл жасанды емес, табиғи көл. Арнасына сыймаған суы жерді тесіп шығып, ауылға қарай ағып жатыр. Бірнеше үйді шайып үлгерді. Әкімдікке хабарладық. Олар дер кезінде көмектесе алмай отыр. Өзіміз құм тасыдық. Әкім келді, үйлеріңе кірмепті ғой деп кетіп қалды», - дейді Жоламан ауылының тұрғыны.
Белгілі болғандай, ауыл әкімі араға бір тәулік өткен соң ғана жалғыз техника жіберіпті. Онда да бір ғана трактор келіп, арнаны бітеген.
Осы ретте, бұл жағдайға байланысты аудан әкімдігіне хабарласқанбыз.
"Қажетті техника аудан орталығынан ертеңінде барды. Бірақ бұл жерде техниканы қажет ететіндей апат орын алмаған. Көлшік табиғи болғанмен де, тұрғындар бау-бақшаны суару мақсатында жасанды арық қылып бұрып алған екен. Су деңгейі көтерілген кезде сол жерді шайып кеткен. Зардап шеккендер жоқ және ешбір баспанаға зақым келмеген. Қазіргі уақытта апат орын алған жер қалпына келтірілді. жағдай қалыпты", - дейді Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Ал тұрғындар ауыл әкімінің бұл уәжімен келіспейді. Елді-мекеннің қыр желкесінде тұрған табиғи көлден қауіп әлі толық сейілмегенін айтады.
Атап өтейік, Жоламан ауылында 2 мыңға жуық тұрғын бар. Ауыл жастарының көбі қалаға кеткендіктен, халықтың дені зейнеткерлер.
Пікір қалдыру