Белсенді Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтантағы тергеу изоляторында көз жұмды. Бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан қалалық полция департаменті хабарлады.
"Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторына жақында жеткізілген 1977 жылы туған Дулат Ағаділ қайтыс болды. Дулат Ағаділге сотты құрметтемеу, судьяны, сот отырысына қатысушыларды қорлау баптары бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында ол сырттай айыпталушы болып танылып, оған қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат ретінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеуге келмеуіне және одан жалтаруына байланысты сот оның жазасын күзетпен ұстауға өзгертті" делінген департамент хабарламасында.
Департаметтің мәліметінше, 24 ақпанда шамамен сағат 21.00-де Дулат Ағаділ өз үйінен тергеу изоляторына жеткізілді. Одан басқа тергеу изоляторының камерасында тағы төрт адам болған, олар Дулат Ағаділге қатысты зорлық-зомбылық жасау фактілері болмағанын растаған.
"Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, ұсталған кезде ол мас күйінде болған. Қайтыс болғанын жедел медициналық жәрдем бригадасы анықтады. Алдын ала болжам бойынша өлімнің себебі: "жүрек қан тамыр жетіспеушілігі". Қаза тапқан адамның денесінде қандай да бір дене жарақаттары жоқ. Сотқа дейінгі тергеу басталды" деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан полиция департаменті.
Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Ол өткен жылы бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, кемінде 60 тәулік қамауда отырған.
43 жастағы белсенді қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып кеткен еді. Кейін ол әрекетінің себебін "заңсыз қудалауға қарсылығым" деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол "сот қаулысын орындамағаны үшін" тағы 6 тәулікке сотталған еді.
Пікір қалдыру