Ішкі істер минитрлігі белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты бүгін сағат 17.00-де Нұр-Сұлтан қаласында брифинг өткізіп ресми мәлімдеме жасады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаровтың айтуынша, Дулат Ағаділ полиция қызметкерлері үйінен алып кететін кезде мас күйінде болған.
– 24 ақпанда кешкі сағат 21 шамасында Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сот қаулысын орындау мақсатында Талапкер елді мекенінде тұратын 1977 жылы туған Дулат Ағаділді Ақмол ауылының емханасына жеткізген. Сол жерде тәртіп бойынша сараптама өткізілді.Сараптама нәтижесі азамат Ағаділдің қан құрамында алкоголь бар екенін анықтады. Дене жарақатының бар-жоқтығына көз жеткізу үшін Нұр-Сұлтан қаласы сот сараптамасына жеткізілді. Жарақаты жоқ деген қорытынды шықты. Түнгі 12-ге таман қылмыстық атқару жүйесінің 166-1 мекемесіне жеткізілді. Камераға жабар алдында денсаулығына байланысты ешқандай арыз-шағым түспеген. Камерада одан басқа төрт адам болды. Таңғы сағат 6-да тамағын ішкен. 7-де дәретханаға кетеді. Одан шығысымен тізерлеп отырып, есінен танып құлап қалған. Камерадағылар Ағаділдің денсаулығының нашарлағаны туралы бақылаушыға хабарлайды. Ол алғашқы медициналық жәрдем шақырады. Келген жедел жәрдем Ақәділдің көз жұмғанын тіркейді. Тексерген кезде денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Бүгінде оған жүрек қан-тамырларының жетіспеушілігі диагнозы қойылып отыр. Бейнекамера оның ұйықтап алмай, мазасынданып жүргенін көрсетті, – деді Заппаров.
Белсенді Дулат Ағаділдің қайтыс болғаны бүгін сағат күндізгі 12.00 шамасында белгілі болды. Ағаділдің қазасынан кейін елдің бірнеше қаласында белсенділер жиналып, биліктен Ағаділ қазасының ақ-қарасын айтуды талап етті. Нұр-Сұлтанда Ішкі істер министрлігі ғимартатына барған белсенділерді полиция күшпен алып кетті.
Дулат Ағаділ әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген. Ол өткен жылы бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, кемінде 60 тәулік қамауда отырған.
43 жастағы белсенді қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып кеткен еді. Кейін ол әрекетінің себебін "заңсыз қудалауға қарсылығым" деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол "сот қаулысын орындамағаны үшін" тағы 6 тәулікке сотталған еді.
Пікір қалдыру