COVID-2019 коронавирусынан туындаған эпидемияның таралуына байланысты ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен эпидемиялық қолайсыз елдердің санаттары жаңартылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен брифинг барысында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына бірінші санаттағы елдерге барудан бас тартуға шақырып, екінші санаттағы елдерге жоспарланған сапарларын мүмкіндігінше кейінге шегеруді ұсынды. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған санаттардағы елдерде жүрген қазақстан азаматтарын барлық медициналық сақтық шараларын сақтап, сондай-ақ елге оралғаннан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің карантиндік режимді сақтау жөніндегі ұсынымдарын ұстану қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ министрлік туристтік фирмалар, ұйымдар мен компанияларды өз тұтынушылары мен әріптестеріне аталған елдерге туристтік, қызметтік және басқа да мақсаттардағы сапарлар шектелгенін жеткізуге шақырады.
Коронавирус кең таралған елдердегі Қазақстан азаматарына қатысты бірнеше шара қолға алынуда.
– Біздің Сеулдағы Елшілік тарапынан азаматтарымызды Оңтүстік Кореядағы коронавирусқа қатысты ақпараттандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Дипломаттарымыз отандастарымызбен мессенджер, әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатып, қажетті ақпаратты ресми интернет-ресурстарда орналастыру арқылы және телефон арқылы хабарлауда, – деді министрлік өкілі.
Айбек Смадияровтың айтуынша, жедел штаб, WhatsApp мессенджерінде арнайы чат құрылып, тәулік бойы жедел желі телефоны жұмыс істеуде. Қазақстан азаматтарын консулдық есепке алу жұмысы күнделікті жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда Оңтүстік Кореяда Қазақстанның 35 мыңнан астам азаматы бар, оның ішінде шамамен 12 мың адам заңсыз жүргендер. Ал консулдық есепте небәрі 848 адам тұр.
– Белгілі болатындай, 1 наурыздан бастап Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы рейстер қысқартылатын болады. Осыған байланысты, Оңтүстік Кореяда жүрген азаматтарымызды осы шектеу күшіне енгенге дейін елге оралуға шақырамыз.
Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде де жедел штаб құрылып, ол біздің азаматтарымызды мессенджер мен әлеуметтік желілер арқылы, елшіліктің ресми сайты мен жедел желі телефондары арқылы ақпараттандырып отырады, – деді ол.
Министрлік мәліметінше, Италияда қазір 1800-ге жуық ҚР азаматы тұрады. Олардың 673 ғана консулдық есепке тұрған. Соңғы ақпаратқа сәйкес, вирус жұқтырғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ.
– Ирандағы Қазақстан дипломаттары да елдегі эпидемиялық жағдайды бақылауда және барлық азаматтарымызбен байланыста. Вирус жұқтырғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Қазіргі уақытта Иран аумағында 170 азаматымыз уақытша тұруда. Консулдық есепте 119 азаматымыз бар. Әр дүйсенбі сайын Тегеран – Алматы – Тегеран рейсі қатынап келді. Қазіргі уақытта әуе қатынасы тоқтатылды, – деп айтты министрлік өкілі.
Пікір қалдыру