Кездесу барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ержанов пен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Қожаев Армения Республикасынан әкелінген көліктердің Қазақстан аумағында еркін жүруі үшін сақталуы тиіс ұлттық және еуразиялық заңнама нормаларын бастамашыл топ өкілдеріне жан-жақты түсіндіріп берді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрінің түсіндіруінше, Арменияға жеңілдетілген баж салығымен әкелінген көліктер сол елдің аумағында ғана жүруі тиіс. Бұл Арменияның Еуразиялық одаққа кіруі барысындағы негізгі шарттардың бірі болған. Сондай-ақ ол Қазақстан азаматтарының армян билігінің салғырттығы салдарынан автомобильдерді Арменияда тұратын азамат ретінде тіркегендіктерін атап өтті. Бұл ЕАЭО заңнамасын бұзу болып саналады.
Ал бастамашыл топ өкілдері өздері алып келген көліктерді техникалық регламентке сәйкестігіне қарамастан Қазақстанда тіркеу үшін қажетті төлемдерден босату арқылы заңдастыруды ұсынды. Сонымен қатар олар 2020 жылдың 1 наурызынан бастап, Армениядан жеке тұлғалардың автомобиль әкелуіне тыйым салуды немесе мұндай көлік құралдарына кемінде 3 млн теңге сақтандыру енгізуді ұсынып отыр. Өз кезегінде өкілетті органдардың өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес автомобильдерді тіркеуге кеңес берді.
Кездесу соңында бұл мәселені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алаңында талқылауды жалғастыру ұсынылды. Сонымен қатар автомобиль иелеріне заңсыз шеру өткізу арқылы Қазақстан заңнамасын бұзбауға кеңес берілді.
Пікір қалдыру