Қазақстан азаматтары коронавирус тараған Иран мен Оңтүстік Корея елдерінен әзірге эвакуацияланбайды. Бұл туралы бүгін Үкімет баспасөз орталығында өткен брифингте Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев мәлімдеді.
Оның сөзінше, қазір Иранда Қазақстанның 170 азаматы бар, бірақ әзірге оларды эвакуциялау туралы мәселе жоқ. Нұрышев Ирандағы Қазақстан елшілігі ондағы ел азаматтармен тиісті жұмыс жүргізіп жатқанын, азаматтар Ираннан қайтуды жөн деп шешкен жағдайда министрлік оларға тиісті көмекті беретін айтты.
Иран денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Иранда коронавирустың таралуы өршіп тұр. Соңғы ақпарат бойынша, ол жақта 978 адам вирус жұқтырған.
Нұршевтың айтуынша, Оңтүстік Кореяда Қазақстанның 34 мың 600 азаматы бар. Ол жаққа бағытталған рейстер саны тоғыздан үшке қысқартылған. Коронавирус өршіп тұрған Оңтүстік Кореяға үш рейст сол жақтағы Қазақстан азаматтары елге қайтуды жөн деп шешсе, қайтып келсін деген оймен қалдырылған.
Нұрышевтың сөзінше, қиын жағдай туындаса ғана Қазақстан өз азаматтарын эвакуациялайды. Ал оған дейін қайтуға ниетті азаматтар әзірге жүріп тұрған рейстер арқылы елге орала алады.
Соңғы мәлімет бойынша, дүниежүзінде қазірге дейін коронавирус жұқтырғандар саны 89 мыңнан асты.
Пікір қалдыру