Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматынан коронавирус анықталды" деген ақпараттың жалған болып шыққанын айтты.
Оның сөзінше, Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілерінде тараған ол ақпаратты Кореядағы Қазақстан елшілігі тексеріп, жоққа шығарған.
"2020 жылдың 3 наурызында Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілерінің орыс тілді топтарында "Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан азаматының коронавируске шалдыққаны расталды" деген ақпарат тарады. Аталған әлеуметтік желілердің хабарлауынша, Қазақстан азаматы клиникадан қашып кетіп, оны қазіргі уақытта полиция іздестіруде. Мұндай ақпарат "Хабар 24" телеарнасында да хабарланған. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі тиісті шаралар жүргізіп, оның нәтижесінде бұл ақпарат расталмады. Жергілікті полициямен және біздің азаматпен байланыс орнатылған. Ол бұған дейін клиникаға бармағынын және коронавирус бар-жоғын анықтайтын қандайда бір сараптама тапсырмағанын жеткізді" деді ведомство өкілі.
Оның айтуынша, корей полициясының ақпаратына сәйкес, осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық азамат коронавируске шалдыққан адам барған қоғамдық тамақтану орнында болған.
"Осыған байланысты белгіленген тәртіпке сәйкес, оған және сол уақытта аталған орында болған барлық адамдарға егер аурудың сыртқы белгілері байқалған жағдайда вирустың бар-жоғын анықтау тестін тапсыру қажет. Отандасымыз барлық қажетті медициналық процедуралардан өтуге және жергілікті билікпен ынтымақтасуға дайын. Біздің Елшілік коронавирус Оңтүстік Корея аумағында анықталған алғашқы күннен бастап жергілікті Ішкі істер министрлігімен және Ауруларды бақылау, алдын алу жөніндегі корей орталығымен тығыз жұмыс істеп келеді. Аталған орталықтың ұсынысы бойынша біздің отандасымыз телефон арқылы күнделікті денсаулығына бақылау жүргізіп, үй карантинінде болуы қажет. Бұл ұсыныс аурудың сыртқы белгілері жоқтығына негізделген және оны емдеуге жатқызудан және коронавирустың болуын тестілеуден бас тартылды" деді Смадияров.
Ресми өкілдің сөзінше, Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі бұл мәселені тұрақты бақылауға алған.
"Жоғарыда баяндалғанға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдеріне тексерілмеген ақпаратты жариялап, дүрліктірмеуді және үрей тудырмауды сұрайды. Сыртқы саяси ведомствоның ресми түсініктемесін күту қажет. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарындағы коронавируске қатысты ақпараттар алу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласуды сұраймыз. Ал Сыртқы істер министрлігі шет елдердегі біздің отандастарымызға қатысты ақпаратты тексеріп, нақты мәлімет беруге тырысады" деді ол.
Кеше кешке қарай Қазақстандағы мемлекеттік телеарналардың бірі – "Хабар 24" Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматынан коронавирус белгілері анықталғанын хабарлаған.
Көп ұзамай бұл ақпарат арнаның сайтынан өшірілді.
Оңтүстік Корея коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп бара жатқан Иран, Италия сияқты мемлекеттер қатарында. Соңғы ақпаратқа сәйкес, Оңтүстік Корея – коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан кейінгі екінші ел.
Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Оңтүстік Кореяда 35 мың Қазақстан азаматы бар. Олардың 12 мыңы заңсыз жүргендер. Бұған дейін ведомство Қазақстан қажет болған жағдайда ғана Кореядан өз азаматтарын эвакуациялайтынын мәлімдеген.
Пікір қалдыру