Қытай елшісі: Қытайда да, Қазақстанда да "қылмыскер" атанған әйелді қалайша батыр деуге болады?!

/image/2020/03/07/crop-16_5_1112x1976_mycollages-27.jpg

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың "Батыр әйел" халықаралық сыйлығын алуына қатысты пікір білдірді. Ол АҚШ елінің Сайрагүл Сауытбайды марапаттауын арандатушылық деп айыптады. 

"Бұл - Қытай елінің ішкі ісіне араласуға бағытталған провокация. Ал іс-шараның өзі Вашингтонның қара ниеті мен мақсатын ашық көрсеткен циркке ұқсайды. Соңғы жылдары Вашингтон Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданындағы терроризм және экстремизмге қарсы күресте қол жеткізген зор жетістіктерімізді елемей, Қытайға жала жауып, түрлі қауесет таратып, ШҰАА мәселесін көтеріп келеді. Оның мақсаты – өңірді, соның ішінде ШҰАА-ны этникаралық, ұлтаралық қантөгіс аймағына айналдырып, бір-бірімен араздастыру, ақырында Қытайдың түбіне жету. Бірақ оның бұл әрекетінен ештеңе шықпай келеді. 

ШҰАА қауіпсіз, тұрақты, көркейген аймаққа айналған. Барлық ұлт өкілдері бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Кәсіби оқу орталықтарын бітіргендер жұмысқа орналасып, ақша тауып жүр. Орталықтар Қытайдың экстремизммен күресу үшін ойлап тапқан сәтті жобасы екенін тәжірибе көрсетті. Вашингтонның бір өтірікті қайталай берсең шындыққа айналады деген біртүрлі стереотипі бар. Бұл олардың білімсіздігінің көрінісі. Өтірік айтуды тоқтатыңдар. Өтірікті мың мәрте қайталасаңдар да ешқашан шындыққа айналмайды. Ал АҚШ осы марапат арқылы өзінің идеологиялық вирустың ең үлкен көзі екенін тағы бір рет көрсетті. 

Енді Қытайда да, Қазақстанда да "қылмыскер" атанған әйелді қалайша батыр әйел деуге болады?! Оның батылдығы – өз Отанын сату, өзі мен отбасын асырап баққан елді қаралау. Егер ол батыр әйел болса, неліктен ШҰАА-дағы несиелерін төлемеген? Ол өзінің геосаяси цирктегі рөлін лайықты бағалай алмайтыны өкінішті", - деп жазды Қытай елшісі өзінің facebook парақшасына. 

Еске сала кетсек, 4 наурызда сайрагүл Сауытбай АҚШ-та "Батыр әйел" халықаралық сыйлығының иегері атанды. Марапаттау кезінде Сайрагүл Сауытбайға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы алғыс айтқан болатын.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар