ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің Қазақстанда 11-16 наурыз аралығында коронавирус тіркелуі мүмкін екенін айтқан мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Мәселен, Жалғас Санғыл атты фейсбук қолданушысы "Мынау не сөз? Бұлай қалай болжауға болады??? Вирус – құда емес қой, пойызға билет алып қойыпты дейтін. Егер мына айтқаны дөп келсе, бұлар әдейі "келтіріп" отырған шығар? Әлде, көптеп қаржы бөлдірудің амалы ма? Түсінбедім, түсінгендеріңіз болса айт жіберіңіздерші мына сәуегейлікті?" деп жағдайды түсіне алмай отырғанын жазған.
Журналист Серік Әбікенұлы да "күтіп отырғандай шатпақтайды" деп бас санитар сөзін сынға алды.
"По нашему прогнозу где-то с 11-16 марта у нас может всё же наконец-то появиться коронавирус в стране. Плюс-минус одна неделя. Мы моделируем ситуацию, делаем прогнозирование. Прогнозы – вещь неблагодарная, они могут и не состояться".
"Мынау Ж. Бекшиннің орысша сайттар таратып жатқан мәлімдемесі. "Наконец-то" деп қояды. Асыға күткен бе? Оның үстіне 11-16 аралығында коронавирус тіркелуі мүмкін деп келіп, плюс-минус бір апта дейді. Көкетай, 11-ден бір аптаны алсаң 4-наурыз болады. Егер келіп қойған кесел болса ең әуелі балабақша, мектептерде сақтықты күшейту керек, "ойлан тап" ойнап бас қатырмай. Халықты селт еткізетін хабар таратып отырып сауатты сөйлеуге болады ғой. Өткенде "ұшатын тышқандардан тарайды" деп шу еткізді. Енді жамбас асып құдасын күтіп отырған адамдай шатпақтайды. Е, Алла, елді өзің сақтай көр! Санитарға тіл мен қауқар бер!" дейді журналист.
Қуаныш Еділхантегі атты желі қолданушысы Бекшин мәлімдемесі "қоғамдық пікірді дайындап алайық" деген есеппен жасалған болуы мүмкін екенін айтады.
"Әлгі аты жаман вирус келген болды. Енді екі-үш күнде бізде анықталуы мүмкін депті бас санитарлық дәрігер. Одан да анықталды, бірақ алдымен қоғамдық пікірді дайындап алайық та десеңші. Өтірікті де қиындастырып айту керек қой, әйтпесе енді екі-үш күнде келетінін қалай біліп отыр? Әлде құмалақшы ма, әлде кел десе келе қоятын көгендегі қойы ма?" дейді ол.
Пікір қалдыру