Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлымен кездесіп, «Болашаққа нақты 100 қадам» жобасының аясында Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау мәселелерін талқылады. Бұл туралы «Қамшы» порталы Ақорданың баспасөз-қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Президент өзінің сөзінде, аталмыш датаны тойлау өз деңгейінде өтуі үшін бар салмақтың мәдениет министріне түсетінін ескерткен болатын.
«Осы уақытқа дейін мемлекет тарихын зерттейтін институт қалыптасты. Біздің көптеген тарихшыларымыз шетелдерге шығып, тарихи материалдарды іздестірді және бірталайын тапты да. Енді біріңғай ұлт болу үшін, сондай-ақ жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеу үшін бізге Қазақстанның жан-жақты тарихы маңызды», - деді Елбасы.
Десе де Президент Назарбаев әлем мемлекеттеріндегі дағдарысты тілге тиек ете келе, алағай да, бұлағай шақта, экономиканың әлсіреп тұрған кезеңінде хандық тойын артық шығынсыз атап өту керектігін ескертті. «Иә, артық шығынсыз, бірақ сапалы болуы керек. Жұрттың есінде көпке дейін сақталатын болсын», - деген Президент тапсырмасын минситр мырза бас шұлғып, қабыл алмасқа шара қайсы?!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, шараның басты мақсаты ұлтжандылықты нығайтып, қазақстандықтардың рухани деңгейін өсіру екенін де нақтылап өткен.
Ал ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлы өз кезегінде, хандықтың тойы Астана және Тараз қалаларында тойланатынын айтты.
«Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту ол – қазақстандықтардың бірлігін нығайтуға үлкен сеп болатын ауқымды шара. Бірінші кезекте, қазір біздің жіті ден қойып отырғанымыз хандықтың тойына ұйымдастырылатын халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар. Сонымен қатар, қазіргі таңда Тараз қаласында этнографиялық мұражай мен орталық құрылысы басталды. Күрделі археологиялық жұмыстар да жүргізілуде»,-деді министр мырза.
Нұрзат Тоғжан