Кеше кезекті рет аппараттық жиын өткізген Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков мырза күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерді талқыға салған. Соның ішінде Астана қаласындағы бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру мәселесі де сөз етілген болатын.Бұл туралы «Қамшы» порталы Астана қалалық әкімдіктің баспасөз-қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қаладағы бизнес-климатты жақсарту үшін рұқсат беру процедураларын азайту керек, деп санаған елорда басшысы Жақсыбеков мырза, барлық мемқызметтер тек қана ХҚКО арқылы жүзеге асырылуы тиіс және сәйкесінше қызмет көрсету уақыты ұзақ болмауы керектігін айтты.
Сондай-ақ, бұл бағытта мемлекеттік қызмет көрсетудегі бизнес-үдерістерді зерделеп, оларды оңтайландыру бойынша ұсыныстар енгізу үшін арнайы жұмыс тобын құру керектігі айтылды.
“Бұл жұмысқа бизнес-қауымдастық пен кәсіпкерлер палатасын тарту қажет. Бұл жұмыстарды басқаруды Әлиев Нұрәлі Рахатұлына тапсырамын. Басты мақсат – Астананы бизнес жүргізу үшін еліміздегі ең қолайлы қалаға айналдыру. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын түсінбейтін және өз өкілеттігінен айрылғысы келмейтін басшылар жұмыстан босатылады”, – деді әкім мырза.
Нұрзат Тоғжан