Тағы бір Әлиев саясат сахнасына шықты

/uploads/thumbnail/20170708191047343_small.jpg

Кеше Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың арнайы тапсырмасымен Нұрәлі Рахатұлы Әлиев Елордадағы бизнесті оңтайландыру жұмыстарымен айналысатыны туралы «Қамшы» порталында «Жақсыбеков Астананың бизнесін Әлиевтің қолына тапсырды» атты мақала жарық көрген болатын (http://qamshy.kz/home/show/550 ).

2014 жылдан бастап еліміздің әкімшілік басқару ісі қызметкерлерінің қатарына жап-жаңа есім болып қосылған Нұрәлі Рахатұлы туралы бірі білсе, бірі біле бермейтіні түсінікті.

Жә, білсе де кәдігі жұрттың аузында Ол (Нұрәлі Әлиев) – «президент  – атаның» сүйікті немересі немесе Қазақстандағы нөмірі бірінші оппозиционер «болған» азаматтың сүйек тұңғышы.

Ең алдымен, Дариға Назарбаева мен Рахаттың тұла бойы тұңғыштары -Нұрәлі Әлиев 2014 жылдың 19-желтоқсанында Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанда жұрт мұны түрліше бажайлаған-ды (http://www.qazaquni.kz/?p=31758). Иә, «әкесі үшін баласы жауап бермейді» қағидасына салсақ, кімнің баласы болса да, қабілеті мен қарымы жетсе, патша көңіліңізге ерік.

Енді міне, үлкен саясатқа келгеніне көп болмаса да Нұрәлі Рахатұлына Жақсыбеков мырза Астананың  «майлы  жіліктерінің» бірін тапсырыпты.

Жақсыбеков жақсысын сеніп тапсырғанына қарағанда елордадан еншісін жібермей жүрген, 30-ды кеше ғана еңсерген жас саясаткер Нұрәлі Әлиевтің білімі мен білігі осыған  жеткен болса керек-ті.

Ендеше,  Әбіш ата шөбересінің өмір белестерін парақтап көрейік: (http://astana.gov.kz/kk/modules/material/6986 )

1985 жылы 1 қаңтарда туған Нұрәлі Рахатұлы - Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетін тәмамдап,  экономика және қаржы бакалавры атанады. Кейін ол жоғары білімін жалғастыру үшін Пеппердин университетіне түсіп,  бизнес-әкімшілендіру бакалавры мамандығын игеріп шыққан. Мұнымен шектелмеген Нұрәлі Әлиев дәл осы мамандық бойынша Имадек университетін  магистр дәрежесінде аяқтайды.

Әр жылдарда, «Нұрбанк» АҚ Төрағасының бірінші орынбасары, Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымдарында қызмет атқарған.

2008 жылдың желтоқсанынан 2013 жыл аралығында — «Қазақстанның Даму банкі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары, «Транстелеком» АҚ Басқарма Төрағасы.

Ал 2014 жылдың 19-желтоқсанынан бастап Астана қаласы әкімінің орынбасары болған.

Көпшілік алдына жиі шыға бермейтін жас саясаткер туралы нағашы атасы, ҚР Президенті өзінің ашық сұхбаты барысында былай дегені естеріңізде болар. «Менің немерелерім, қыздарым Рахатқа кешірім жасауымды өтініп келмеді дейсіңдер ме? Келгенде қалай келді. Бірақ заң бәрімізге ортақ»,-деген болатын Президент. Көз алдында әкесі омақасып түскенде жас Нұрәлі әрине, шарасыз еді ғой. Кейініректе, ол өз атасы бақиға аттанғанда (академик Мұхтар Әлиев) жерлеу рәсіміне қатысып, қалың жұрттың арасынан табылған-ды. Мұны жұрт жақсылыққа балап, «текті атаның ұрпағы ғой» дескен-ді.

Десе де, бір елдің билігіне бірдей шүйліккен қос саясаткердің отбасында дүниеге келген,  қазіргі депутат Дариға мен экс-елші болған Рахаттың тұңғыштары саясатқа мүлде өзгеше бағытпен келгендігін көрсетіп бағуда. Білдей бір Елорданың бизнесі енді Нұрәлінің қолында. Демек, бұл Нұрәлінің сыналар дер шағы. Нұрәлі енді анасы мен Президент атасының саясын ұзақ уақытқа дейін паналай ма? Әлде әкесінің сорын кеше ме?

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының басқару өкілеттілігі туралы сөз қозғала бастағанда ел іші мен саясаткерлердің арасында тақ мұрагері кім болады деген сұрақ туған болатын. Сонда кейбір саясаткерлер – Президент немересі Нұрәлінің есімі де естілгені жасырын емес. Шынымен, жас та болса үлкен саясаттағы кәделі жіліктерді иемденіп жүрген Нұрәлі Әлиев – Президенттің жасырын дайындап жүрген мұрагері болуы мүмкін бе? Егер мұрагер болса – неге ол атасының тегіне өтпеген (інісі Айсұлтан секілді)? Нұрәліге саясаткерлердің іш жылытуының себебі неде?

Бұны да уақыт көрсетеді...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар