"Бұл қиын-қыстау кезеңнен де сүрінбей өтеміз деп сенемін": Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

/image/2020/03/21/crop-39_0_542x723_big_c6d7c3b9cac0708b.png

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқын Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі

"Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Осы күндері Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады. Тағылымы мол бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы", - делінген Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған Тоқаевтың құттықтау сөзінде.

Бұдан әрі Президент бұл мейрамды ел халқының қашанда ақжарма тілекпен қарсы алатынын, ұлыстың ұлы күнінде өзара татулық, бірегей ынтымақтастық пен ұлы құндыылықтар дәріптелетінін атап өткен.

Сонымен бірге, оның жалпы ұлттық мейрам екенін айта отырып, Бұл мерекенің қҚазақстан халқын береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдыратынын жеткізген.

Ол осы ретте қазақстандықтарды ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, мейрамның коронавирус індетімен тұспа-тұс келгеніне өкінішін де білдірген.

"Пандемияға айналған коронавирустың кеңінен таралуы жаһандық экономикамен қатар біздің елімізге де айтарлықтай зардабын тигізуде. Бүкіл әлем күрделі сынақты бастан өткеруде. Осыған орай, менің Жарлығыммен 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілді. Мемлекеттік комиссия құрылып, азаматтарымыздың денсаулығын қорғау және еліміздегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Біз ырыс-ынтымағымыздың арқасында бұл қиын-қыстау кезеңнен де сүрінбей өтеміз деп сенемін", - деп сендірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында ол қазақстандықтарға өз тілегін жеткізді.

"Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын!", - деді мемлекет басшысы.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар