Менің қоғамдық көліктерге отырғым келмейді. Байлығым асып, қалтамнан тасып бара жатқаннан емес. Ондағы адамдардың мәдениетсіздігінен қашамын, көргім келмейді.
Әуелі, қоғамдық көліктердегі ұрылар жайлы; 5-6 адамнан топтасып алған сұқ саусақтар автобус жүргізушісі мен кондукторы олармен ауыз жаласып алып, бір-біріне көзбен көрсетіп әуре. Қалтасындағы соңғы тиынынан айырылып қалып айғай салған адамдар... Оларға қоса, әлгі ұры-қарылар қаладағы қоғамдық көліктердің 80 пайызында кезедеседі. Бір-екі мәрте өз басымнан да өткен. Тұл сыртымнан келіп, тамағыма алмаз тақап қоқан-лоққы көрсеткен кездер де болған-ды. Ертеректегідей емес, ұятты ысырып қойып, сүйісіп жатқанды да, сүйкесіп жатқанды да, бажылдасқанды да, бір-бірін балағаттап жатқанды да – осы қоғамдық көліктен кездестіресіз.
Одан қала берді, жолаушының азаматтық құқығы мүлде ескерілмейді. Келіссеңіздер әні, келіспесеңіздер патша көңілдеріңізге хош. Жолаушыға дүрсе қоя беріп, балағаттағанынан өзге, қол жұмсап, қару сұққанды да әлеуметтік желіде талқылап жатырмыз ғой.
Міне сондықтан болар, артық ақшам шықса да, мен таксимен жүремін. Анығында қоғамдық көлік біздің қоғамның кішкене ғана макеті. Адам ағзасының жағдайын тексеру үшін дәрігерлер бір тамшы ғана қан алып, сараптама жасайды ғой. Қоғамдық көлік -сол бір тамшы қан ғой. Енді қоғамдық ағзасының жайын өзіңіз парықтай беріңіз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы