Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған жүкті әйел босанып алды. Бұл ақпаратты Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева Facebook парақшасында жазды.
Оның жазуынша, жүкті әйел 8 сәуірде перзентханаға толғақ қысып түскен кезде ЖРБИ симптомдары болған. Кейін одан коронавирус анықталған.
"Бала аман-есен туды. Салмағы – 2970 грамм, бойы – 51 см. Сәбидің жағдайы бірқалыпты. Covid-19 анализі алынды. Әйел Covid-19 індетінен емделу үшін инфекция стационарына ауыстырылды. Ал әйелді босандырған дәрігерлер екі апта үй карантиніне жіберілді" деп жазды вице-министр.
Қазақстанда бұған дейін де екі қабат әйелден коронавирус табылған. Ол Алматы облысында емделіп жатыр.
Қызылорда облысын – Қазақстандағы коронавирустан ең қатты зардап шегіп жатқан өңірлердің бірі. Қазір бұл облыста коронавирус жұқтырғандар саны 100-ге жеткен.
Соңғы ақпарат бойынша, Қазақстанда 781 адамнан вирус табылған. Олардың 60-ы жазылып шықты, сегізі вирустан көз жұмды.
Пікір қалдыру