АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдағы коронавирус бойынша өлім мөлшері АҚШ-тан әлдеқайда көп екенін айтты, деп жазады South China Morning Post.
Басылымның жазуынша, жұма күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайды Ухань зертханасын тексеруге АҚШ-қа рұқсат беруге шақырған.
– Біз Қытай коммунистік партиясынан сарапшыларды Ухань вирус зертханасына кіргізуін сұраймыз. Сонда ғана вирустың қайдан басталғанын анықтай аламыз, – деген Помпео Fox News-ке берген сұхбатында.
Помпеоның пікірі зертханаға қатысты дауды күшейте түссе, АҚШ президенті Дональд Трамптың твиттердегі жазбасы Қытайда COVID-19 таралу деңгейіне қатысты күмәнді қоюлатты.
Трамп твиттердегі жазбасында "Қытайдағы өлім мөлшері АҚШ-тан әлдеқайда жоғары, тіпті қарайлас та емес!" деп жазған.
Сондай-ақ АҚШ президенті жұма күні журналистерге Қытайдағы өлім мөлшері әлем бойынша ең көп екеніне сенімді екенін айтқан.
Пікір қалдыру