Жамбыл облысының атқамінер азаматтары #BizBirgemiz челленджін қолдап, қаладағы жалғыз басты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға аса қажетті медициналық маска, антисептиктикалық құралдар мен азық-түліктер жеткізді.
Алғашқылардың бірі болып акцияға атсалысқан Қазақстанның спорт майталманы Бейбіт Ыстыбаев президент бастамасын қоштауды жөн көрген. Ол өз сөзінде осынау қиын-қыстау уақытта қол қусырып отыра алмағанын айтып, 100 мұқтаж отбасыға көмектескенін атап өтті.
– Қиындық туғанда қол-қусырып үйде отыра алмадық. Жамбыл облысының атқамінер азаматтары, ағалары болып #BizBirgemiz акциясын қолдап, "әр қазақ – менің жалғызым" деп жастарға үлгі бола отырып, сауапты іс жасап жатырмыз, – деді Б. Ыстыбаев.
Ол осындай әлем барысы дәрежесіне жетуіне халықтың себепкер болғанын айтып, сын сағатта әлеуметтің осал топтарына қарайласуды парызы санайтынын да жасырмады. Спортшы барша қазақстандықтарды, соның ішінде өңірдің басшылары мен кәсіпкерлерін қиын шақта бірігіп, әрекет етуге шақырды.
– Құрметті Жамбыл облысының атқамінер азаматтары баршаңызды #BizBirgemiz акциясын қолдауға, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға шақырамын. Еліміз қауіпті індеттен аман шығу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атсалысайық, – деген Ыстыбаев челленджді әрі қарай жолдады.
BizBirgemiz акциясы аясында челленджді жалғастырғандардың бірі – «БАҚ индустрия» компаниясының ұжымы.
Компания директоры Бақтияр Тоғайбаевтың сөзінше, компания 100 отбасыға көмек қолын созған.
– Біз де компаниямыздың атынан 100 отбасыға көмектесуді бастап кеттік. Осы тұста қаламыздың басшысы Бердібек Сапарбаевқа алғысымды айтқым келеді. Ол кісілер үкімет тарапынан халыққа көмектесіп, қажетті заттармен қамтамасыз етіп жатыр. Сонымен қатар біз сияқты кәсіпкерлерге де қолдау білдіруде. Ал біз халыққа көмектесудеміз, – деді компания директоры.
Тараздан бастау алған игі істің көкжиегі кеңейіп, әлеуметтік әлеуеті төмен тараздық 50 отбасыдан бөлек, Талас ауданының 50 жанұясы кәсіпкерлерден қолдау алған.
– Осы челленджге Тараздың барша мықты азаматтарын шақырамын. Қауіпті індеттен аулақ болайық. Құдай қаласа, бұл ауруды жеңеміз. Ел болып, жер болып баршамыз бірауыздан атсалысайық. Бейбіт Ыстыбаев ағамыздың бастаған акциясын қолдайық. Челледжді кәсіпкер, Талас ауданының азаматы "Қаратау жолдарының" директоры Мақсат мырзаға жолдаймыз. Біз халықпен біргеміз! – деген Бақтияр Тоғайбаев акцияны елім деген азаматтардың бәріне арнайды.
Жобаның мақсаты да сол – бастамаға жалпыхалықтық сипат беру!
Пікір қалдыру