Алматыда COVID-19 індетінен 577 адам емделіп жатыр

/image/2020/04/21/crop-86_11_775x1034_test_covid19.jpg
Алматыда COVID-19 індетін жұқтырған 669 жағдай тіркелді.  Ал соңғы тәулікте қалада 145 жаңа жағдай анықталған. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың 104-і Орталық қалалық клиникалық аурухананың, 12-і №12 қалалық емхананың, 11-і қазіргі уақытта провизорлық орталық болып табылатын қалалық паллиативтік көмек орталығының қызметкерлері. Сондай-ақ қалған 18 адам вирус жұқтырған науқастармен байланыста болған жандар.

Бүгінде қаладағы жұқпалы аурулар стационарларында Алматы облысының бір науқасын қоса алғанда 577 адам қауіпті індеттен емделіп жатыр.

Екі науқастың жай-күйі – өте ауыр, 6 адамда – ауыр, 168-і ауырлықтың орташа дәрежесінде, ал қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық.

Жалпы 88 науқас қауіпті індеттен сауығып шықты. Провизорлық госпитальдарда 452 адам, карантиндік оқшаулауда 352 және үй карантинінде 9950 адам бар.

Мегаполистегі Бостандық ауданының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес №12 қалалық емхана карантинге жабылды.

Орталық қалалық клиникалық ауруханаға қатысты айтар болсақ, стационар таза және вирус жұқтырған аймақтарға бөлінген. Бүгінде емханада қосымша 150 жұқпалы, 60 провизорлық және 150 карантиндік төсек-орын ашылды. Ем қабылдап жатқан науқастарға медициналық көмек обаға қарсы киім-кешек киіліп көрсетіледі. Бұл ретте ем жүргізіп жатқан медицина қызметкерлерінің барлығында талдау нәтижелері теріс.

Талдаулары оң нәтиже берген медицина қызметкерлері жұмыстан шеттетіліп, инфекциялық стационарлар мен бөлімшелерде ем-дом қабылдауда.

Әкімшілік қызметкерлерді әлеуметтік қорғау бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Карантин және жабық кеңістік адамдардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Осыны ескерген мамандар ұжымдағы қарым-қатынас әдісін де дұрыс жолға қоюда.

Айта кету керек, қаладағы барлық медициналық ұйымдар қажетті жеке қорғану құралдарымен толық қамтылған.
 
 
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар