Вице-министр қызметінен босатылған Камалжан Надыровтан коронавирус анықталды

/image/2020/04/22/crop-38_4_403x538_2020_04_21_crop-421_35_950x1267_photo-276069.jpg

Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылған Камалжан Надыровтан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook желісінде жазды.

– Кеше Үкімет қаулысымен Камалжан Талғатұлы Надыров басқа жұмысқа ауысуына байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды. Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген болатын. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына К.Т. Надыровты тағайындау жоспарланған еді. Алайда кеше кешкісін К.Т. Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты, – деп жазды министр.

Сонымен қатар, министр әріптесі Камалжан Талғатұлына тез сауығып кетуіне тілектес екенін және қолдау білдіретінін айтты.

Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Т.Ш. Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылған.

– Жалпы, Алматыдағы COVID-19-ға қатысты жағдай мемлекет және қала басшылығының ерекше бақылауында. Бүгін таңғы мәлімет бойынша мұнда жалпы 678 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды, скрининг нәтижесінде науқастардың жартысына жуығы медицина қызметкерлері екені белгілі болды. Орталық қалалық клиникалық ауруханадағы індеттің ошағы оқшауландырылды, барлық пациенттер, коронавирустық инфекция диагнозы расталған қызметкерлер қаладағы стационарларға орналастырылды және емделуде. Аталған аурухананың ғимараттары толық дезинфекцияланады, стационар содан кейін ғана науқастарды қабылдауға кіріседі, – деп жазды Біртанов.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар