Алматы қалалық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының басшысы Ж.Зиадин элиталы көліктер мінген азаматтардың блокпостан өткеніне жол бергені үшін жұмысынан босатылды, – деп хабарлады polisia.kz хабарлады.
Алматыда блокпост арқылы заңсыз өту фактісі бойынша төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 5 адам ұсталып, 10-нан 15 тәулікке дейін тұтқындау түріндегі әкімшілік жауапқа тартылды.
Барлық 4 элиталы автомобиль айып тұрағына қойылды. Кортежге қатысқан тағы екі адамға іздеу салынған. Осы ретте аталған фактіге жол берген және олардың жолын кесу шараларын қабылдамаған полиция қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды.
Криминалдық полиция басқармасының бастығы Ж.Зиадин, сондай-ақ патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Е.Қуанышбаев қызметтерінен босатылды.
21 сәуір күні видеоконференция байланысы режимінде өңірлік бөлімшелердің басшыларымен өткен кеңесте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев аталған фактіге қатысты нақты ұстанымын білдірді.
– Құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ішкі істер органдары қызметкерлерінің негізгі міндеті және болып та қала береді. Төтенше жағдай мен карантин режимін бұзуға, оның үстіне жеке құрам тарапынан жол беруге болмайды. Мұны қатардағы қызметкерлермен қатар олардың басшылар да есте сақтауға тиіс, – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Пікір қалдыру