Президент Қ.Тоқаевтың мәлімдемесі коронавирус өршіп тұрған кезде халыққа жұбаныш болатындай мәлімдеме болды. Бұл туралы ақын, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет айтты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі мәлімдемесін толықтай оқып шықтым. Карантин уақыты қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Рамазан – сабырдың айы ғой. Президентіміз өз мәлімдемесінде сабыр, шыдамдылық, қанағат, төзім деген асыл қасиеттерге мән берген екен. Оның мәлімдемесінде халыққа күнделікті қажетті кәсіпорындардың жұмысын жандандыру деген секілді өзекті мәселелер көтерілген, – дейді ақын.
Дегенмен Ұлықбек Есдәулет "коронавирус Қазақстанның медицина саласындағы кемшіліктерді анық көрсетті" деп санайды.
– Карантин кезіндегі олқылықтар да жоқ емес. Коронавирус Қазақстанның медицина саласындағы кемшіліктерін анық көрсетті. Оның үлкен бір мысалы науқастарды емдейтін дәрігерлердің коронавирус жұқтыруы болып отыр. Бұл дәрігерлердің қателігі болды деп ойламаймын. Оларға берілетін қорғаныш киімдерінің жетіспеушілігінен болған. Бұл медицина саласындағы үлкен кемшілік болды. Сонымен қоса вирусология саласындағы арнайы дәрігерлердің жетіспеушілігі көзге анық көрінді. Тіпті мұндай мамандарды дайындайтын факультеттің жабылып қалған көрінеді. Соның зардабын енді тартып жатырмыз. Қарапайым медициналық масканың тапшылығы да біздің өнімді сырттан алуға дағдыланғанымыздың айқын көрінісі болды. Президент осы мәселердің бәрін жою туралы нақты тапсырма бергені қуантты. Ол халықтың денсаулығын сақтау жөніндегі кодекске елеулі өзгерістер енгізу туралы Үкіметке тапсырма берген. Заңдық жағынан өзгерістердің сақталуы алдағы уақытта қадағаланады деп есептеймін, – деді Ұлықбек Есдәулет.
Пікір қалдыру