Төтенше жағдай кезінде жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, не істеу керек?

/image/2020/04/29/crop-124_18_774x1033_photo_94757.jpg

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Мәжілістің жалпы отырысында жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азаматтарға қандай құқық берілетінін айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат дерегін негізге алып.

– Құжатының жарамдылық мерзімі өткен азаматтарға төтенше жағдай режимі кезінде оны жаңарту мүмкін еместігіне байланысты мұндай құжатты пайдалану құқығын беру қажет деп санаймын. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі өз құзыреті аясында бұл мәселені шешу үшін қаулы жобасын әзірлеп жатыр. Осылайша, төтенше жағдай режимі кезінде жарамдылық мерзімі өткен құжаттарды азаматтарымызға пайдалану құқығы берілмек, – деді ол.

Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин министрдің бұйрығымен көлік жүргізуге рұқсат беретін құжатының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпау туралы тапсырма берілгенін айтады.

– Жеке куәлікке қатысты айтар болсақ, қазір Мемлекет басшысының атына ұсыныс әзірленді. Бұл төтенше жағдай режимінің қолданыс кезеңінде аталған норманы Президент Жарлығымен ұзарту үшін қажет. Ондай құжаттар тізімі өте көп, – деді министр орынбасары.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин төтенше жағдай кезінде 99,5 мың жеке куәліктің, 68 мың жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімінің өтіп кеткенін айтты.

– Бұған қоса мамырда 90 мың жеке куәліктің жарамдылық мерзімі аяқталады екен. Мұның барлығы төтенше жағдай кезеңінде орын алып отыр ма?, – деп сұрады ол Юрий Ильиннен.

Ішкі істер министрінен нақтыланған жауап алғаннан кейін Мәжіліс төрағасы елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда адамдар мерзімі өткен құжаттарымен не істеу керегін түсінуі үшін мұндай норманың қажет екенін баса айтты.

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар