Н.Нығматулин: Заң жобасы жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуге бағытталған

/image/2020/04/29/crop-48_11_661x882_78332e54-2534-4aab-beeb-648e3ff466c5.jpg

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады. 

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер арқылы ағымдағы жылы парламент сессиясының ашылуында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы жүзеге асырылды.

– Осы мақұлданған заң жобасы еліміздің ашық және тұрақты дамуы жолындағы тағы бір маңызды қадам деуге болады. Себебі, әрбір демократиялық дамыған елде сыбайлас-жемқорлыққа жол жоқ. Сондықтан, тікелей мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы заң жобасы жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуге бағытталып отыр. Осы жолда заң жобасына жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жүргізуге арналған көптеген өзгерістер енгізілді. Оның басты мақсаты – кез-келген заң бұзудың алдын-алу және болдырмау, – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс депутаттары мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қылмыстың кез-келген түрін арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың қызметкерлеріне ғана емес, жалпы кез келген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне белгілеуді ұсынды.

Бас Прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ішкі істер және қаржы министрліктерінің өкілдері депутаттардың бұл ұсынысымен келісіп, құжат жобасы екінші оқылымға дейін пысықталатын болады.

Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста мәжіліс депутаттары көтерген тағы бір мәселе өз шешімін тапты. 

– Енді тек бірінші басшылар ғана емес, квазимемлекеттік секторда қызмет ететін лауазымды тұлғалар да жемқорлық үшін жауапқа тартылатын болады. Бұл норма бойынша да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы жүзеге асырылады. Бұл әділ және дұрыс қадам деп есептеймін. Оны қолдауымыз керек, – деді Нұрлан Нығматулин.

Талқылауды қорытындылаған мәжіліс төрағасы осы заң жобасының нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігі артатынан атап өтті.

Сондай-ақ, заң жобасымен құқық қолдану практикасында туындаған құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жоюға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның мәртебесі мен ұйымдық қызметіне қатысты мәселелерді реттеуге бағытталған нормалар бекітіледі.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар