Алматыда COVID-19 індетіне тексерілетін адамдардың қатары кеңейді. Бұл туралы қалалық Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді.
– Біз Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша пневмония және ЖРВИ-дің ауыр түрімен стационарға келетін науқастардың барлығын коронавирус инфекциясына тексеретін боламыз. Әзірге өкпе қабынуының белгілері бар 49 адам тексерістен өтті. Соның ішінде пневмониясы бар бір науқаста қауіпті індет анықталды. Кешегі күн бойынша пневмониямен ауыратын 13 баланың бесеуінде індет анықталмады. Қалғандары зерттелуде, – деді А. Молдағасымова.
Бүгінде індеті таралған елдерден келетін адамдардың арасында коронавирустық инфекцияны анықтау жұмыстары жалғасуда.
Айта кету керек, қауіпті індетке тексерілетіндердің қатары кеңейеді. Әсіресе, бұл санатқа бронх-өкпе ауруының белгілері бар әрі есепте тұрған 60 жастан асқан адамдар кіреді. Бұдан өзге алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген медқызметкерлер де тексеруден өтеді.
Брифингті қорытындылаған қаланың Бас санитарлық дәрігер адамдарда жөтел мен дене қызуының көтерілу сияқты белгілер пайда болған жағдайда, жедел жәрдем шақыруға кеңес берді.
Пікір қалдыру