Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлердің талабына бағынбай жүрген бірнеше емделуші барын айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Б.Қаюповтың айтуынша, олар палаталарды аралап, басқаларды тәртіпке мойынұсынбауға үндеп, вирусты тарата түсуде.
– Бұдан бірнеше күн бұрын да осындай жағдай болды. Осы емделушілер өздерін сау санап, палаталарынан шығып, үйлеріне кетпек болды. Бәлкім, арақ та ішкен болар. Мұндай жағдай бүгін де қайталанды. Осылайша, олар өздеріне зиян жасап отыр. Мұның себебі мынада, емделгеніне 14 күн болып, жазылуға жақындаған адамдар басқалармен араласса, емдеу курсын қайтадан бастауға тура келеді. Егер тып-тыныш емделсе, 14 күннен кейін жазылып шығар еді, – деді Б.Қаюпов.
Дәрігер оларға вирустың қауіптілігін түсіндіріп, осы күйлерінде үйлеріне бармауға кеңес берсе де, түсінгісі келмейтінін атап айтты.
– Олар өзге емделушілер ғана емес, дәрігерлер мен медбикелерге де ауру таратуы мүмкін. Осы ауруханадан 8 қызметкердің коронавирус жұқтыруы ойландырмай қоймайды. Қазір жағдай тынышталды. Әйтсе де аталған кісілер қайтадан бүлік шығарса, қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін, – деді басқарма басшысы.
Пікір қалдыру