Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова Алматыда 13 мыңнан астам адам COVID-19 індетіне тексерілгенін мәлімдеді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Соңғы бір тәуліктің ішінде індетті жұқтырудың жаңа екі жағдайы анықталды. Екеуі де індетті науқас адамдармен байланыста болып жұқтырған. Жалпы стационарлық карантинде 877 науқас, үй карантинінде 5217 адам жатыр. Жұқпалы аурулар ауруханасында – 211, провизорларда – 301 және карантиндік госпитальдарда – 388, – деді спикер .
Қауіпті індетті жұқтырған 121 науқастың ішінде 65%-ы сырқат адаммен байланыста болғандар. Ал 5%-ы жергілікті, 30%-ы індетті сырттан әкелгендер екен.
Кешегі күні қосымша 813 адам ПЦР әдісі бойынша тестілеуден өтті. Жалпы бүгінгі күнге дейін Алматыда 13 мыңнан астам адам COVID-19 індетіне тексерілді.
– Күні кеше ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласы үшін қосымша 55-тен астам жаңа тест жіберді. Бұл ПЦР диагностикадан өтуге тиіс науқастарға қажет, – деді А. Молдағасымова.
Спикер Алматыда COVID-19 індетіне тексерілетін адамдар қатарының кеңейгенін де тілге тиек етті. Бұған дейін айтылғандай, өкпе қабынуы және ЖРВИ-дің ауыр түрімен стационарға келетін науқастардың барлығы коронавирус инфекциясына тексерілуде.
– Бұдан өзге Ұлттық гвардияның, Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметшілер мен блок-бекеттегі мемлекеттік органдардың қызметкерлері де тексерілмек. Сондай-ақ санэпидемилогиялық қызметтің 179 қызметкері – дәрігерлер, медбикелер де коронавирустық инфекцияға тексеруден өтті, – деді А. Молдағасымова.
Жиын соңында карантин тәртібінің маңыздылығына тоқталған спикер:
– Карантин кезінде індет тез таралмайды. Яғни, жұқтыру ықтималдығы да соғұрлым аз болады, – деп атап өтті.
Пікір қалдыру