Коронавируске байланысты карантин кезінде қала тұрғындарының арасында жұмыспен қамту мәселесі шиеленісе түсті. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев instagram жариялады.
– Көптеген адамдар ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болса, енді біреулер жұмысынан айырылды. Демек, өмір сүретін қаражатынсыз қалды. Мемлекет тарапынан оларға көмек ретінде жәрдемақы төленеді. Бұған қоса біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске қоспақпыз, – деді Б. Сағынтаев.
Сонымен қатар қала тұрғындары жұмыспен қамтылады және олар мектеп пен балабақшалардың құрылысына, аурухананы кеңейту жұмыстарына тартылады деп атап өтті.
– Бұдан өзге сумен жабдықтау желілерін жүргізіп, жолдар мен аулаларды ретке келтіру, скверлер мен саябақтарды абаттандыруға қосымша күш қажет. Осылайша 214 инфрақұрылымдық жобалардағы жұмысқа шамамен 26 мың қала тұрғынын орналастыруды жоспарлап отырмыз. Жалақының орташа мөлшері 120 мың тг құрайды, – деді шаһар басшысы.
Пікір қалдыру