Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева БАҚ өкілдеріне арнап онлайн брифинг өткізді. Брифингте ол әлемді дүр сілкіндірген індеттің біздің қаламыздағы жағдайына тоқталды.
Алматыда карантин басталғаннан бері індеттен көз жұмғандар саны 2%-ға азайды. Әсел Бисенбаеваның айтуынша, ведомство басшысының бұйрығымен өлім-жітімді зерттеу жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның негізгі міндеті – коронавирустық инфекцияның адам өліміне себеп болғанын анықтау.
Комиссияның құрамына Қоғамдық денсаулық басқармасы, Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау және сапаны бақылау департаментінің өкілдері, медициналық және бейінді мамандар, медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері кірген.
Ресми статистиканың мәліметтері бойынша, Алматыда коронавирустық инфекциямен күреске бағытталған күшейтілген іс-шаралардың жүргізілуі кезінде өлім-жітімнің өсімі болмаған. Оның үстіне, көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда бірінші тоқсанда 6,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 2%-ға төмен.
– Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім бізде 2%-ға, қатерлі аурулар 5%-ға, жазатайым оқиғалардан, қысым мен жарақаттан болған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 41,6%-ды (өткен жылы 43,8%) құрады, – деді Әсел Бисенбаева.
Пікір қалдыру