Шығыс Қазақстанда өрт қаупі маусымы басталғалы бері дала және орман өрттері тіркелді. Наурыз айынан бері су қоймаларында 4 қайғылы оқиға орын алды.
ШҚО ТЖД қызметкерлері дала және орман өрттерінің көбейгенін атап өтті. Оның алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Шығыс Қазақстанда құрамында полиция қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдері, орманшылар, сондай-ақ ТЖД мамандары бар 60 мобильді топ құрылды.
– Бүгінгі күні 40 рейд жүргізіліп, 40-қа жуық заңбұзушылықтар анықталды. Сондықтан облыс тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтап, біздің жұмысымызға түсіністік танытуларын сұраймыз. Қазір ауа райына байланысты дала және орман өрттері көбейді, – деді ШҚО ТЖД бөлім басшысының міндетін атқарушы Алексей Штыкель.
ШҚО ТЖД бөлім басшысы Тимур Дидахметов наурыз айынан бері су қоймаларында 4 қайғылы оқиға орын алғанын атап өтті. Оның ішінде 3 балықшы суға батып кетсе, бір адам қайықпен жүземін деп қайғылы жағдайға душар болған. Бұдан бөлек бір адам іздестірілуде.
– ШҚО ТЖД мамандары суға түсу маусымы басталардың алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал суға түсу маусымы ашылғанда біздің мамандар жергілікті полиция қызметкерлері мен көлікті бақылау инспекциясымен бірге рейдтер жүргізіледі. Суға түсуге тыйым салынған аумақтарда құтқарушылар патрульдейтін болады. Алдағы уақытта мектеп директорларымен және лагерь тәлімгерлерімен әдістемелік семинарлар ұйымдастырылады. Біз облыс тұрғындарын су қоймалары маңындағы қауіпсіздікті сақтауға шақырамыз, – деді Тимур Дидахметов.
Пікір қалдыру