Б. Сағынтаев: Оқушының жетістігі – ұстаздың абыройы, еңбегінің нәтижесі

/image/2020/05/25/crop-193_16_1634x2179_b74bc2a3257727a38f25b4cc245b1a86.jpg

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев түлектерді соңғы қоңыраумен құттықтады. Бұл туралы Facebook парақшасында жазды.

– Бүгін мектеп түлектері үшін ең маңызды күн. Алматыда 9299 мектеп түлегі үлкен өмірге қанат қақты. Соның ішінде 545 түлек – «Алтын белгі» иегері, 714 оқушы оқу озаты атанды. Биыл мектептерде соңғы қоңырау алғаш рет онлайн түрде соғылды. Мектеп директорлары мен ұстаздар бұл күннің сән-салтанатын келістіріп, сезіндіру үшін қолдан келгенді жасады. Қыруар еңбек атқарылды, – деді Б Сағынтаев.

Сондай-ақ ол төртінші тоқсанда сабақтар қашықтан өткенін айтып, оқу процесінің үзілмеуі үшін жедел іске кіріскендерін атап өтті.

– Құрметті ұстаздар, оқушылар және олардың ата-аналары! Біз қиын сәтті бірлесе еңсере білдік. Тәжірибе жинақтадық. Бұл – болашақтағы заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажет тәжірибе. Биылғы түлектер мектепті онлайн тәмамдаған пионерлер болды. Қолайсыз жағдайда да білімге ерекше құштарлық таныттыңыздар. Балаларға қолдау көрсеткен ата-аналарға мың алғыс. Өз міндеттерін мүлтіксіз атқарған мұғалімдерге рахмет, – деп айтты шаһар басшысы.

Сөз соңында барша түлектерді соңғы қоңыраумен құттықтап, ақ жол тіледі.

– Құрметті түлектер! Өмірлеріңіздің жаңа парағын ашқалы тұрсыздар. Білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік көп. Қай мамандықты таңдасаңыз да, сол мамандықтың білгір маманы болып шығуға тырысыңыздар. Табандылық – арман мен мақсатыңа апарар алғашқы қадамың. Оқушының жетістігі – ұстаздың абыройы, еңбегінің нәтижесі. Ақ жол!, – деді Б. Сағынтаев.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар