ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен блокпостағы апат кезінде көз жұмған екі полиция қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлады Ақорда.
"ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсене қатысқаны үшін наградталсын:
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен
Жанғазиев Жарас Сұлтанғалиұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы;
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен
Абдықанов Дастан Маратжанұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің полицейі.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.Тоқаев
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 26 мамыр
№ 339"
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 25 мамыр күні таңға жуық № 4 блокпоста болған. BMW жүргізушісі мас күйінде бетон қоршауға соғылып барып, инерциямен патрульдік полиция көлігін соққан. Қайғылы оқиғадан екі полиция қызметкері көз жұмды.
Пікір қалдыру