Трамп Twitter-ді жапқызатынын мәлімдеді, Facebook Трамп жағына шықты

/image/2020/05/28/crop-7_12_991x701_20200528_152844.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Twitter-дегі парақшасында интернет алпауыттарын тексеруге алатынын, тіпті олардың компанияларын жапқызатынын мәлімдеді. Бұл туралы Қамшы тілшісі АҚШ президентінің Twitter парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Республикашылдардың ойынша, әлеуметтік медиаплатформалар консерваторлардың дауыстарын мүлдем өшіруде. Біз оларды қатаң түрде реттейміз немесе жауып тастаймыз, біз бұрын оларға жол беріп келдік. Олардың 2016 жылы жасағысы келген әрекеттерін көрдік, бірақ онысы сәтсіз аяқталды. Енді ондайдың неғұрлым күрделі нұсқасына жол бере алмаймыз..." деп жазды Трамп Twitter парақшасында.

АҚШ президенті көп өтпей тағы бір жазбасын ірі интернет компанияларына арнады:

"Алпауыт тех-компаниялар 2020 жылғы сайлауға дейін цензураға бар күшін салуда. Егер бұлай болатын болса, біз бостандығымызды жоғалтамыз. Мен бұған ешқашан жол бермеймін! Олар 2016 жылы солай істеуге қатты тырысты және жеңілді. Енді олар мүлдем жынданып бара жатыр. Құлағыңыз (маған) түрулі болсын!!!" деп жазды ол.

АҚШ президентінің бұл қадамға баруына Twitter компаниясы оның жазбаларына қатысты фактчекинг сілтемелерін қосуы себеп болған. 

Трамптың жазбасына Twitter компаниясының бас атқарушы директоры Джек Дорси жауап беріп, "Біз бүкіл әлем бойынша сайлау туралы қате немесе даулы ақпаратты көрсетуді жалғастырамыз" деп жазды.  

Ал Трамптың Twitter парақшасына Logan Dobson деген желі қолданушы Facebook басшысы Марк Цукербергтің FoxNews-қа берген сұхбатын бөлісті. Онда Марк Цукерберг президент Трамптың Twitter-дегі жазбасын тексеру дұрыс еместігін мәлімдеген. Әсілінде, фактчекинг жасалған жазбада АҚШ президенті "пошта арқылы жіберілген бюллетеньдер сайлаушылардың алаяқтығын арттырады" деген сыңайдағы күмәнін жариялаған.

Цукербергтің көзқарасы бойынша, әлеуметтік медиаплатформалар "шындықтың арбитрі" болмауы керек.

– Бұл туралы, менің ойымша, бізде Twitter-ге ұқсамайтын саясат бар, – деген Цукерберг бейсенбі күні Fox News-қа.

Цукерберг сөзін жалғастыра отырып "Мен Facebook адамдардың интернетте айтатын сөздерінің арбитрі болмауы керек деп сенемін. Жалпы алғанда, жеке компаниялар олай болмауы керек, әсіресе бұл платформалық компаниялар мұндай жағдайда болмауға тиіс" деген.

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар