Бүгін қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен ТЖ ескерту және салдарын жою бойынша комиссияның отырысы өтіп, онда коронавирус жағдайы мен карантин режимін сақтау мәселесі қаралды.
Комиссия отырысы барысында қаланың ірі сауда, ойын-сауық және фитнес орталықтары басшыларының қатысуымен бейнеконференция өтті.
Кәсіпкерлер өз қызметін қайта бастауға байланысты сұрақтар қойды. Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бастығы Ерлан Бекмурзаев бейнеконференция барысында жұмысын қайта бастағанына қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері санитарлық талаптарды қатаң сақтауға міндетті екенін еске салды.
Өз кезегінде елордалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының орынбасары Айгүл Шағалтаева сауда және ойын-сауық орталықтары басшыларының қызметін қайта бастау мүмкіндігі туралы сұрақтарына жауап берді. Әр кәсіпкерге жеке жауап берілді.
Әкімдіктің мобильді тобы полиция және эпидемиологтармен бірге санитарлық нормалардың сақталуы бойынша күнделікті рейд өткізеді. Рейдтік іс-шаралар барысында мониторинг тобы 500 нысанды тексерді. Коронавирустың таралуын болдырмау үшін қатаң ережелер қабылданды.
Бұған дейін 70-тен астам нысан санитарлық нормаларға сай келмегені үшін жабылған болатын.
Отырысқа қатысқандар қазіргі уақытта қалада коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеуге бағытталған санитарлық-профилактикалық шаралардың жалғасып жатқанын атап өтті.
Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен азаматтардың қауіпсіздігін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажетіне назар аударды. Сондай-ақ ол мемлекеттік органдарға күн сайын нысандарға рейд жүргізіп, санитарлық нормалардың сақталуын тексеруді тапсырды.
Еске сала кетейік, елордада маска тағу режимі сақталады. Адам көп жерлерде, автобустарда, дүкендерде және басқа қоғамдық орындарда маска киіп, қашықтық сақтап, антисептик қолдану керек. Қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаған жағдайда қала бұрынғы қатаң карантиндік режимге оралуға мәжбүр болады.
Пікір қалдыру