Қазақ хандығының 550 жылдығында шеттегі 5 миллион қазақтың тағдыры шешілуі керек

/uploads/thumbnail/20170708192250494_small.jpg

«Нұр Отан» партиясы

Төрағасының бірінші орынбасары

А.И.Мырзахметовке

 

Құрметті Асқар Исабекұлы!

Санаулы күндерден соң тәуелсіз Қазақ елі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен  қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтеді.

Қарап отырсақ, Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрғаннан бастап, бүгінгі Тәуелсіз Қазақ Еліне дейінгі бес жарым ғасырдағы қазақтың бар арманы – Алаш жұртының басын қосу, біріктіру, бір шаңырақ астында өмір сүру, бір тектілікті сақтауды мақсат тұтыпты. Барлық арпалысқан күрес пен қызыл қырман қан төгіс тек осы ұлы мұрат үшін жүріліпті. Сондықтан, Алаш жұрты үшін бұл тойдың басқа тойларға қарағанда мәні мен маңызы өте зор, көтерер жүгі де тым ауыр.

Құдайға тәубе! Ұлт Көшбасшысының өз сөзімен айтсақ, «Қазір өз тағдырымызды өзіміз шешеміз. Өзіміз өндіргенді өзіміз пайдаланамыз. Бір елдің басшысы кім болуы керектігі Мәскеудегі үлкен кабинетте шешіле салып, бұрын-соңды қазақ жеріне аяқ басып көрмеген көлденең көк аттылар ойына келгенін істей алмайды. Қазақ елін бүгінде бүкіл әлем таниды, экономикасының болашағы мол, саяси ахуалы тұрақты, сан түрлі ұлттың баласы тату тұрып жатқан өркениетті ел деп біледі, құрмет тұтады. Ел басшысын дүйім дүниенің президенттері, императорлары, корольдары, монахтары, премьерлері, сән-салтанаты жарасқан рәсіммен қабыл алады. Алуан-алуан компаниялар мен концерндер, фирмалар мен қорлар инвестициясын бөліп, сенім көрсетеді. Ең бастысы – қазақ халқы егемен елі бар, тәуелсіз мемлекеті бар, өзгелермен тең тұрып, иық тірестіре алатын ұлтқа айналды».

Тәуелсіз Қазақстан дегенде, біздің көз алдымызға ең алдымен оның су жаңа Астанасы, әлемдік талапқа сай бекітілген шекарасы, шеттен оралған бір миллион қазағы оралады!

Біздің Мәңгілік Ел болуымыздың ең негізі үш тірегі    Нұрсұлтан Назарбаевтың осы үш ұлы еңбегі болатынына дау болмаса керек!

Сол үшін де бүкіл қазақтың жаны Шекара мен Астананың үстінде тұруға тиіс. Бүкіл билік атаулы шеттегі бес миллион қазақтың елге оралуына қолайлы жағдай жасауға міндетті!

Әлемдік дағадарыстар туындатқан қиындықтарға қарамастан Астана құрлысы қарқынды дамып келеді.

Шекара бекігенімен шекаралық аймақтардың көбінің халқы сиреп кетті. Қаңырап бос қалған ауылдар өте көп. Мемлкетті қорғайтын армия емес, халық. Халқы көп елдің қаупі жоқ.

Шеттен келетін Қазақ көші соңғы бес-алты жылда Тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған тоқырауға ұшырады, тоқтап қалуға таяп барып, аман қалды. 2013 жылы 10 желтоқсанда қандастарымсызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп қабылданған қатаң заң қазір Елбасымыздың тапсырмасымен Парламентте қайта қаралу үстінде. Қандастармыздың тұрақты тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін кедергілер жойылып, ұлы көшке қайта жол ашылмақ.

Бірақ, бұл да жеткіліксіз.

Себебі, қазіргі кезеңде Көші-қон саясатымен айналысатын президент пен Үкіметке тіке қарайтын орган жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қармағындағы Көші-қон комитетінің дәрмені бұл шаруаны атқаруға жетпейді.

Сол үшін, «Тұңғыш президенттің көші-қон қорын» құрған жөн.

Алда келе жатқан Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығына арналған мәртебелі бас қосуда осы мәселе тойдың күн тәртібіне енсе, шеттегі бес миллион қазақтың тағдыры мәңгілікке шешіледі! 550 жылдыққа арналған тойдың да мәртебесі өзге тойлардан асқақтайды, тарихқа алтын әріппен жазылады. Сөйтіп, бабалар аманаты орындалады.

Жоқ жерден мемлекет құрған Израиль елге оралған өз қандастарын Көші-қон қоры қаржысы арқылы қоныстандырып келе жатқалы бір ғасырдан асты. Германияда да солай.

Осыдан он үш жыл бұрын Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тағдырымыз солай болып, аннан қашқандарды, мұннан қашқандарды Европадан да, Азиядан да тың жерді көтереміз деп, қазақтың санын азайтамыз деп, көп ұлтты болдық. Оны кемшілік деп санамау керек. Артықшылығымыз деп санау керек! Сондықтан біз әр ұлттың халқын бауырымызға басып үйренген халықпыз, ал енді шетелден көшіп келеміз деген өз қазақтарымызды бауырымызға баса алмаймыз ба, сонда?! Мен ойлаймын, сегіз жарым миллион қазақ Қазақстанда. Меніңше, қазір тоғыз миллионға жақындады. Себебі, осы жылдардың ішінде жарты миллион қазақ көшіп келді. Сегіз миллионды орташа үш жарымға, төртке бөлгенде, қанша жанұя болады?! Екі миллионға жақын біздің жанұямыз бар. Төрт миллинға жақын жанұя екі қазақтан шақырып әкеп, аяғынан тұрғызып жіберсе, сонша қиыншылық болмас деп ойлаймын соларға. Бұл біздің елдігіміз болып саналар еді. Дүние жүзіне біз осындай мағлұмат, мәлімет, тәжірибе берер едік! » деген болтын. Кемеңгер тұлға тағы бұл сөзін бүкіл Қазақстандағы қазақтарға арнаған еді. Міне, соның сәт-сағаты бүгін туды.

Сөз жоқ, жаңа Қазақстанның бар жетістігі оның тұңғыш президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Шеттегі қандастарымызды Отан құшағына оралту да, жоғарыда да айтылды, Елбасы ерте жолға қойған ұлы саясат! Қазақ, көш енді тоқтамақ емес!

Әрине, тұңғыш президенттің атындағы «Көші-қон қорын» құру «Нұр Отан» партиясының құзырындағы жұмыс емес екенін біз жақсы білеміз. Бірақ, мемлекеттің ең маңызды саясатын мұлтіксіз жүргізу, алыстан келген ағайынды партия қатарына, Елбасы төңірегіне топтастыру Бас партияның басты қызметтерінің маңдай алдысы болуы шарт. Жасыратыны жоқ, Бас партия соңғы жылдары бұл жұмысты ақсатып алды.

Құрметті Асқар Исабекұлы!

Сізді жаңа қызметіңізбен құттықтай отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді серігі, іскер тұлға ретінде, тарихи маңызы төтенше зор осы мәселенің осы 550 жылдыққа арналған бас қосуда шешім табуына, іске асуына ықпал етеді деп сенемін!

Барша жұмысыңызға Алла сәттілік берсін!!!

Құрметпен, 

ақын

Ауыт Мұқибек

10.08.2015

Астана

Қатысты Мақалалар