Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер Президенттері Қырғызстанның одаққа өтуі туралы құжаттарды ратификациялағаны туралы осыған дейін де жазған болатынбыз. Аталмыш құжаттарға сәйкес Қырғызстанның ЕАЭО мүше елдермен шекарасында кедендік бақылау бекеттерін алып тастау рәсімі 12 тамызға белгіленген. Бұл туралы «Қамшы» порталы bnews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Қырғызстанның ЕАЭО-ға толыққанды кіруіне және «Ақ-Жол» өткізу бекетінде кедендік бақылауды алып тастау үрдістерінің жүргізілуіне байланысты Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтетін тұлғалар, автокөлік құралдары мен жүктері үшін шекара бақылауын жүзеге асыру уақытша тоқтатылады», - деп көрсетілген құжаттарда.
Еске сала кетсек, Қырғызстан билігі Кедендік одаққа кіру туралы шешімді 2011 жылдың көктемінде қабылдаған болатын. 2014 жылдың желтоқсанында Мәскеуде тараптар республиканың ЕАЭО-ға қосылуы туралы келісімге, ал мамырда оның үш хаттамасына қол қойды.
Нұрзат Тоғжан